Білім

Республика бойынша ЖОО 30 мың грант бөлінді

Солардың бірі – Ардақ Шохтыбаева. Бүгін ол барлық құжаттарын жиып университетке келген. Білім гранты үшін өтініш беруде. Биология пәнін сүйіп оқыған қыз қатарынан бірнеше жоғары оқу орнына құжат тапсырып жатыр. Ол Мемлекет тарапынан бөлінетін грантты жеңіп алсам деген үмітпен келген.

Ардақ Шохтыбаева, талапкер:

– ҰТБ-ден алған ұпайым жоғары болмаса да гранттан дәмелімін. С.Сейфулин атындағы Аграрлық Университет, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік Университеті және жергілікті ЖОО-на құжаттарымды тапсырдым.

Бүгінде СҚМУ 50 мамандық бойынша білім береді. Биыл мұнда техникалық мамандықтарға түсушілердің саны көп. Құжаттарды қабылдау комиссиясы жұмысын маусымның 20-сынан бастаған екен. Осы уақыт ішінде 1000-нан артық түлек құжат тапсырған. Ал, шілденің 20-сы басталған грантқа құжат қабылдау науқаны осы айдың 31-і аяқталмақ. Биыл республика бойынша барлық ЖОО-на бөлінген гранттар саны – 30 мың.

Гүлмира Оспанова, М.Қозыбаев атындағы қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– “Серпін” бағдарламасы бойынша 3 мың 123 грант бөлек берілген. Бұл 30 мың жалпы гранттың ішіне кірмейді. Бұл бағдарлама бойынша өзгерістер бар. Биылдан бастап тек қана Қызылорда, Тараз, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан өңірлерінің ауылдық жерлерінен квотасы бар балалар ғана түседі.

Биыл “Серпін-2050” бағдарламасы бойынша СҚМУ-не 230 жас талапкер келіп түседі деп күтілуде. Одан бөлек, биылғы жылдың тағы бір жаңашылдығы – түлек Кешендік және Ұлттық бірыңғай тестілеуді тамыз айында қайта тапсыра алады. Егер колледж бітірген жас бұл мүмкіндіктен де сүрінсе, шартты түрде университетте оқи береді. Кейін қаңтар айында кешендік тестті үшінші мәрте қайта тапсырмақ.

 

Акбопе Танирберген