Қайырымдылық

Петропавлда қайырымдылық кеші өтті

Сергей Завьялов, облыстық балалар ауруханасының инфекционист дәрігері:

– Маған Даша есімді қыз жазған қағаз түсті. Қуыршақ сұраған екен. Облыстық балалар аурухасының ұжымымен сатып аламыз. Сыйлық кішкентай болғанымен, балақайды үлкен қуанышқа бөлемек.

Қағазда жазылған сыйлықты әр ұйым бір аптаның ішінде сатып алуы тиіс. Кейін оны ұйымдастырушылар балақайларға жеткізеді. Муницпалдық телеарнаның ұжымы да қайырымдылық шараға ат салысып, 10-ға жуық балаға велосипед, роликті коньки сынды сыйлықтарды алып беремек.

Тимур Жұманов, СҚО Жастар бастамалары орталығының директоры:

– Шараны “Солнечный дом” қайырымдылық қорымен бірлесіп өткізудеміз. “Армандар орындалады” ағашын құрастардық. Мұндағы сыйлықтарды сатып алуға облыс орталығындағы ұйымдар ат салысуда. Қол жетімді заттарды сұраған. Тек, Әлішер деген бала мамасына барғысы келетінін, тілі шықпаған Анеля есімді қыз сөйлегісі келетінін жазған. Осы кішкентай қызға көмектескіміз келеді.

Бұл жерде қолданбалы қолөнер туындыларының жәрмеңкесi де өтуде. Шеберлер өз туындыларын сатып, түскен қаржыны сырқат балалар Иван Зологин мен Дарья Овсянкинаның Германияда жасалатын отасы үшін арнайы жәшікке салуда.

Наталья Андрукова, қолөнерші:

– Қыздардың шашына тағатын бұйымдар бөбектерге арналған шұлықтар тоқимын. Бүгін түскен қаржы балалардың еміне барады. “Солнечный дом” қайырымдылық қорына мүшелік етемін. Сондықтан, өзім жасаған бұйымдарымды алып осы сынды шараларға қатысып, өз үлесімді қосамын.

Шараға ата-анасымен келген кішкентай Дашаның жасы 1 жарымда. Көпшілікті жақсы көретін бөбектің жұдырықтай жүрегінде үш бірдей жамау бар. Оның біреуі кез-келген уақытта сөгіліп кетуі мүмкін. Ал, 4 жасар Иван Зологин мен анасы бүгінгі шараға келе алмаған. Ол туа бітті бүйрек ауруымен ауырады. Қос кiшкентайдың операциясына шамамен 150 мың еуроға жуық қаражат қажет. Бүгінгі өткізіліп отырған әр шараға ат салушылар көлге тамған тамшыдай болса да балаларға қаражат жинап бергісі келеді.

Ольга Овсянкина, Дарья Овсянкинаның анасы:

– Қазір біз Германиядағы операцияны күтіп жүрміз. Берлиндегі ақ халаттылар жаздың соңына дейін уақытымыз барын айтты. Отаға 42 мың долларға жақын сомма керек. Қазір жерлестеріміздің көмегінің арқасында, қолымызда қаржының жартысы бар.

Кейін қайырымдылық шарасы қала өнерпаздарының концертіне ұласты. Сатылған билеттен түскен қаржы да балалардың еміне жұмсалмақ.

 

Акбопе Танирберген