Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақ жұрты кикбоксингтен әлемнің күміс жүлдегері Азамат Нұрпейісовті ақтық сапарға шығарып салды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Еліміздің белгілі спортшысы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы жерлесіміз Азамат Нұрпейісовтің өмірден өтуі қабырғамызды қайыстырды. Азаматтың туған-туыстарына, барша қауымға қайғыра көңіл айтамын.

Азамат Нұрпейісов көзі тірі болса тамыздың 7-сі күні 28-ге толар еді. Алайда, есімі әлемге танымал спортшының өкпесінен былтыр қатерлі ісіктің бары анықталған болатын. Өткен жылдың қыркүйегінде жерлесіміздің достары, жанкүйерлері бірігіп “Чемпионды құтқарамыз” қайырымдылық акциясын өткізген. Барлық ел болып еміне қаражат жинады. Ол Корея елінде бірнеше рет химия терапиядан өтті. Алайда ем-дом шаралары Азамат Нұрпейісовтың өімірін тек бір жылға ғана ұзартты. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақтың қайсар мінезді ұлы жұлдыздай жарқ етті де, жарық дүниемен қош айтысты.

Ерік Нұрпейісов – Азамат Нұрпейісовтің әкесі:

– Спортқа 12 жасында келді. 14-нде Италияға барып келді. Оны әрдайым есіне салып отыратынмын. Соңғы бір аптадай үйде қиналыңқырады. Ақтық демі үйде үзілді.

Марқұмды барша қазақ жұрты, тіпті әлем халқы танитын. Бүгін спортшыны, еліне қызмет еткен капитанды курсанттардан бастап, лейтенант, полковник барлық шенділер өз сарбазын соңғы сапарына шығарып салды.

Арман Ахашов – ҚР Ұлттық ұланының қоян-қолтық ұрыстан бас бапкері:

– Оның жеңісі, төккен тері мақтан тұтарлық. Біз оны құрметтейміз. Марқұмның топырағы торқа болсын. Азамат Нұрпейісов әрдайым алдыңғы қатарлы сарбаздардың бірі болатын. Біз үлкен қайғыға батып отырмыз.

Ерболат Дүйсенбеков – 5451 әскери бөлімінің аға маманы:

– Азамат Ұлттық ұланның атына үлкен дәрежелер әкелді. Түрлі чемпионаттарда тек биік белестерден көрініп, жақсы жағынан танылған жан.

Азамат Нұрпейісов отбасында кенжесі болыпты. Оның артында жалғыз тұяғы 2 жасар ұлы қалды.
Бүгінгі митингте марқұмға тиесілі күрең беретті әкесіне тапсырды. Есімі әлемге әйгілі, қазақтың қайсар ұлын Бескөл аулындағы зиратта жер қойнына тапсырылды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ол әлемнің биік белестерін бағындырып, ел туын да сан мәрте асқақтатты. Азамат Нұрпейісов біздің мәңгі есімізде.

 

Риат Шони