Спорт

Өңірімізде тай боксынан республикалық турнир басталды

3 кезеңнен тұратын жекпе-жекте Темірлан шыдамдылық танытып, жеңіске жетті. Ол сайыс оңай болған жоқ дейді. 14 жасар Темірлан бұл спорт түрімен 1 жыл айналысса да облыстық, республикалық дәрежедегі жарыстарда жеткен жеңістері көп екен.

Темірлан Дүйсенбеков – жарысқа қатысушы, Астана қаласы:

– Осы “Солтүстік кубогі” жарысына бірінші рет қатысып отырмын. Сұлтан деген баламен шықтым. 3 раундта да одан басым түстім. Ол да оңай шағылатын жаңғақ емес.

“Солтүстік кубогі” республикалық турнирінде жиыны 200-ге тарта спортшы қатысуда. Араларында Ресейдің спортшылары да бар. Өңіріміздің намысын 25 муайтайшы қорғауда.

Иван Ван-Хон-Тун – тай бокстан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

– Тай боксының тарихы тереңде жатыр. Ол осыдан 2 мың жыл бұрын пайда болды. Көбі оны, бокс пен кикбоксингтің қосындысы деп ойлайды. Бірақ та, тай боксында қолмен, аяқпен, сондай-ақ, шынтақ және тіземен де ұруға болады.

Сайыс шілденің 23-іне дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша түрлі салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамота, медаль және кубокпен марапатталмақ.

 

Тоғжан Ақмағамбетова