Спорт

Өңірде жылқы туризмі дамымақ

Енді қаланың іргесінде тұрған Мичурино елді мекенінде әуесқойлар салт атпен жүріп, сырқаты бар жандар жылқымен сауықтыру курстарынан өте алады. Бұл үшін жеке кәсіпкер Ирина Булычёва 5 жылдық мерзімге 3 млн теңге несие алған.

Ирина Булычёва, «Булычёва» ЖК жетекшісі:

– Несиені бірнеше ай бұрын Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы рәсімдедік. «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында рәсімдеген қаржыға жылқы туризмін дамыту үшін 4 ат сатып алдық. Қатарында кішкентай пони бар. Мұнда келушілерге атқа дұрыс отыруды үйретеміз. Белі, иығы, бүйрегі ауыратын жандар атпен жүрсе сырқаты басылады екен. Сондықтан, сауықтыру жағы да қарастырылған.

Кәсіпкер «Спортландия» серіктестігіне сатып алған жылқыларын әкеліп жұмысын бастап кеткен. Бұл жерде аттарға арналған алаң да, қора да бар. Жайқалған жасыл желек арасымен арнайы ат арбамен де жүйіткуге болады. Қыста оны шана алмастырмақ. Өткен маусым айының өзінде мұнда 300-ге жуық адам келіпті. Ат спортын мықтап қолға алуды көздеп отырған кәсіпкерлердің жоспарлары көп.

Анатолий Карюкин, «Спортландия» ЖШС директоры:

– Мен бұрыннан жылқы спортымен айналысып келемін. Бірақ, үш жыл бұрын қаржы жетіспеушілігінен бар аттарымызды сатып, жабылып қалдық. Биыл кәсіпкер Ирина Булычева мемлекет қолдауымен аттар сатып алып, біздің алаңның жұмысы қайта жанданды. Енді бірігіп ат туризмін дамытпақпыз. Мектеп оқышыларына экскурсия жүргіземіз. Материалдық базаны кеңейтеміз.

Кәсіпкер жақында Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығына арнайы атпен жұмыс жасайтын маманға сұраныс білдіріпті. Айту керек, жыл басынан өз ісін өркендеткісі келетін 65 адам несие алуға ниеттеніп аталмыш орталықтың көмегіне жүгінген.

Думан Смагулов, Петропавл қаласы жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Қазіргі уақытта құжаттары толық жиналған құны 92,8 млн теңгені құрайтын 34 өтінім «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» -ның қарауында жатыр. Ал, жыл басынан 28,5 млн теңгені құрайтын 10 жоба несиеге ие болды. Оның бірі – осы ат туризмі.

Жалпы биыл жоспар бойынша облыс орталығында «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 71 азматқа жалпы сомасы 183 млн теңгенің несиесін беру көзделген.

 

Акбопе Танирберген