Бизнес және экономика

СҚО статистика департаменті алғашқы жартыжылдықты қорытындылады

Марал Нұржауыпова – СҚО статистика департаментінің басшысы:

-Өңірімізде инфляция 4,6 пайызға төмен. Бұл – біз үшін жақсы көрсеткіш. Инфляцияның қалыптасуына азық-түлік бағаларының өсуі әсер етті. Қаңтар-маусым айлары аралығында өнеркәсіптерде өнім өндіру көлемі 0,5 пайызға артып, 83 млрд теңгені құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінде 57 млрд теңгенің тауары шығарылды. Бірінші жартыжылдықта тамақ өнімдерін өндіру 5,6 пайызға артты.

Алты айдың ішінде тамақ өнімдерін өндіру көлемі артқанымен, керісінше, тұтыну нарығында тауарлар мен қызметтердің бағасы бірден 4 пайызға өскен. Мысалы,
бірінші кезектегі: нан – 22,6, жарма – 10,6, қант – 16,2, жеміс-жидек, көкөністердің құны 4-тен 7 пайызға қымбаттады. Солтүстікқазақстандықтар негізінен ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін көбірек таңдайтын көрінеді.
Себебі, өңірімізде өндірілетін ет пен сүттің 70 пайыздан артығы шаруалардың үлесінде. Дей тұрғанмен облысымызда шағын және орта бизнес субъектілері санының азаюы байқалады.

Марал Нұржауыпова – СҚО статистика департаментінің басшысы:

-Облыс аумағында 38 500 шағын және орта бинес субъектісі тіркелген. Бүгінде олардың 72 пайызы жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17,6 пайызға кем. Біраз, жеке кәсіпкерлер істерін доғарып, шаруа және фермер қожалықтары жабылды. Сәуірдің біріндегі есеп бойынша шағын және орта бизнес аясында экономикалық белсенді халықтың 31 пайызы еңбек етеді. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға төмен.

Статист мамандардың мәліметінше, ауыл шаруашылығы саласында жағдай тұрақты.
Құрылыс саласы да бірқалыпты. Соңғы аталған салада құрылыс-монтаждау жұмыстары 21 пайызға жоғарылап, күрделі жөндеу шаруасының көлемі керісінше, төмендепті. Жарты жылда тұрғын үй құрылысына берілген 5,5 млрд теңге игерілді. 289 пәтер қолданысқа тапсырылды.

 

Берік Қасен