Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық мәслихаттың сессиясында 2016 жылға арналған облыстың бюджеті нақтыланды

Ескен Әкімжанов – СҚО қаржы басқармасының басшысы:

-Биыл облыс бюджетіне 752 млн теңге сомасында қосымша кіріс түседі деп болжануда. Нақтылап айтқанда, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісінің бір бөлігі, мемлекеттік мекемелер салатын әкімшілік айыппұлдар, өсімпұл, санкциялар, өндіріп алулар, ішкі істер департаменті мен олардың аумақтық бөлімшелері салатын айыппұлдар, жергілікті бюджетке түсетін салықтық емес басқа да түсімдер есебінен облыс бюджетін толықтырмақпыз.

Ал 2016 жылдың басында қалыптасқан бюджеттік қаражаттың бөлінбеген бос қалдығы – 164 млн теңге білім, құрылыс, денсаулық сақтау басқармаларының шығыстарына бағыттау ұсынылды. Ол қаражат мамандарды даярлап, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын аяқтауға жұмсалмақ. Бұл шешімді облыстық мәслихаттың депутаттары бірауыздан мақұлдады. Одан соң халық қалаулылары алдында Жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Айтбаев есеп берді.

Қанат Айтбаев – СҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы:

-Бірінші жартыжылдықта жергілікті полиция қызметі тиімділігін көрсетті. Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар саны 13,2 пайызға төмендеді. Статистика көрсеткендей, осы санаттағы қылмыстардың барлығы дерлік облыс орталығының аумағында орын алған. Жалпы өңірімізде криминогендік жағдай бірқалыпты. Биыл материалдық-техникалық базаны нығайту үшін облыс қазынасынан қосымша 300 млн теңге бөлінді. Тұрғындардың полиция өкілдеріне сенімі артып келеді.

Биыл 33 адам заңға бағынбай көлікті куәліксіз басқарған. Сонымен қатар, аймағымызда мас күйінде қылмыс жасайтындар саны азаймай отыр. Жергілікті полиция қызметі осы бағытта тәртіптік шараларды күшейтуде. Мысалы, жақында алкогольдік ішімдіктерді заңсыз саудалайтын адамдардың жолын кесу мақсатында кәсіпкерлер палатасымен меморандум жасасқан.
Жиын барасында әділет органдарының да жұмысы туралы айтылды.

Руслан Кәкітай – СҚО Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы:

-Тұрғындардың тиісті мекемеден алатын құжаттарының саны едуір қысқартылған. Некелесу, бала туу туралы куәліктерді қысқа мерзім аралығында ресімдеп алуға болады. Биылдан бастап кәсіпкерлер мен өнертапқыштардың құқықғын қорғауға басымдық берудеміз. Алдағы уақытта жеке сот орындаушылардың санын арттырмақшымыз. Бүгінде аудандарда 42 жеке сот орындаушы жұмыс істейді. Соңғы кездері мамандардың жұмысын балаларына алимент төлеуден жалтарып жүргендер қиындатуда.

Осы күні СҚО-да 6 600 борышкер балаларына алимент төлеуден жалтарып жүр.
Сессия соңында СҚО әкімдігі жанындағы ведомствоаралық, терроризмге қарсы комиссиялар мен өңірлік үйлестіру кеңесінің дербес құрамы бекітілді.

 

Берік Қасен