Денсаулық сақтау

Облыста жыл басынан Сібір жарасына қарсы 226 мыңға жуық ірі қараға екпе егілген

Малдардың түйнемені жұқтыруына бірден-бір себеп – ол Сібір жарасына қарсы вакцинамен толық қамтылмауы немесе қауіпті індеттен өлген жануарлардың стандартқа сай емес жерленген орнында оттауы болып табылады.
Біздің өңірімізде бұрын Сібір жарасымен ауырған малдар жерленген 161 қорым бар екен. Оның 151-і стационарлық жағынан нашар пункт болып саналады. Бұлардың барлығын үстіміздегі жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін талапқа сай қылу үшін қомақты қаржы бөлініп отыр.

Ербатыр Мадияров – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

-Қорымдардың өз координаттары бар. Кадастрға енгізілген. Барлығында “Абайлаңыз, Сібір жарасы” деген жазуы бар белгі орнатылған. Енді қосымша облыстық бюджеттен 25 млн 343 мың теңге бөлінді. Бұл сомаға қорымдарды биіктігі 1 жарым метрлік темірмен қоршайтын боламыз.

Қазіргі таңда өңірімізде Сібір жарасы тіркелген жоқ. Дегенмен де ветеринар мамандар әрдайым төрт түліктің өзге де ауруларды жұқтырып алмауын қадағалап отырады.

Ербатыр Мадияров – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

-Жыл басынан бруцеллезға 228 мың 504 ірі қара тексерілді. Сарып ауруын оның 521-і жұқтырды деген күдік бар. Ал ұсақ қара малдың 285 мың 234-і қаралып, оның 8-інде бруцеллез бар деген сезік туды. Ауруға шалдыққандардың барлығы мерзімінде санитарлық союға әкелініп, індеттің таралып кетпеуі үшін қажетті дезинфекция жасалынды. Сондай-ақ, жыл басынан Сібір жарасына қарсы 225 мың 750 бас ірі қараға, 226 мың 330 ұсақ қара малға және 64 мың 700 жылқы мен 74 мың 246 бас шошқаға вакциналау жүргізілді.

Айта кету қажет, кез келген малды арнайы қосындарда ветеринарлардың тексеруінен кейін барып қана сою қажет. Мал дәрігерлерінің тұжырымдасы болмаса етті нарыққа шығаруға тыйым салынады.
Осы ретте біз өңір тұрғындарының етті қайдан алатындықтарын сұрастырып көрдік.

Ветеринарлар жалпы жыл басынан облыс аумағында 390-ға жуық заңбұзушылықты анықтаған. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 2 млн 600 мың теңгені құрайды. 810 келі етті сапасыз деп танып көзін жойған.

 

Риат Шони