Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жыл басынан бері “Мұнаймаш” АҚ 1,3 млрд теңгенің тауарын өндірген

Эдуард Степанов – “Мұнаймаш” АҚ операторы:

-Бір ауысымда тербелістерді бәсеңдеткіш бұйымның 28 данасын әзірлеймін. Біреуін мына жоғары өнімді білдектің көмегімен 15 минуттың ішінде қырнап шығуға болады. Негізінен барлық жұмысты станок атқарады.

Осы жерде шығарылған тербелістерді бәсеңдеткіш бұйымдар “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясына жөнелтіледі. “Мұнаймаш” зауыты аталған кәсіпорынмен ұзақмерзімге келісімшарт жасасқан екен. Бұдан басқа мұндағылар мұнай-газ саласына қажетті сорғылар құрастырумен айналысады. Оған да сұраныс бар.

Сергей Ерофеев – “Мұнаймаш” АҚ басқарма мүшесі:

-Жылдық жоспар бойынша биыл 8 мың дана мұнай көтеруге арналған сорғы құрастырамыз. Бүгінде соның 2,5 пайызы дайын. Зауыт жыл соңына дейін Батыс Қазақстан облысындағы мұнай өндіретін 10 шақты отандық компанияның сұранысын қанағаттандырмақшы. Тапсырыстың жиынтық құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Осыдан басқа үстіміздегі айдың соңына дейін “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ-мен 500 млн теңгенің келісім-шартына қол қоймақшымыз.

Мұнай-газ, темір жол саласына қажетті құрал-саймандарды жасайтын заут шетелдік алпауыт “Buzachi Operating Ltd.” (Бузачи Оперейтинг Лтд.) компаниясымен де тығыз қарым-қатынаста. Келешекте жергілікті “Мұнаймаш” АҚ-ның өндірген өнімін “Теңізшевройл” ЖШС, “Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг БВ” компаниялары алатын болады. Қазіргі таңда аталған компаниялармен осы жөнінде аккредиттеу жұмыстары жүріп жатыр екен.

Берік Қасен