Денсаулық сақтау

Жыл басынан 275 теріскейлік ішек инфекциясын жұқтырған

Жалпы биыл облыс аумағында ішек инфекциясын жұқтырудың 275 фактісі тіркелген. Мамандардың айтуынша, бұл дертті өткеру, әсіресе, балалар мен зейнеткерлер үшін оңай емес.

Юрий Пузиков – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментi басшысының орынбасары:

-Әдеттегідей, сырқат жұқтырушылардың дені – балалар. Кішкентайлардың ішек инфекциясына шалдығуының алғашқы белгісі байқалған бойда ауруханаға жөнелту керек. Өкініштісі, кей ата-аналар өздері үй жағдайында емдейміз деп ауруды асқындырып алып жатады. Айта кетейін, өңірде биыл қоғамдық тамақтану орындарында мұндай аурулар тіркелген жоқ.

Жедел ішек инфекциясы қолды жумағандықтан да жұғуы мүмкін. Аталған дертке, әсіресе, көкөністер, жеміс-жидектерді көп тұтынатындар шалдығуы мүмкін. Иә, бұл өнімдер дәруменге толы. Бірақ, жөндеп жумасаңыз ем іздеп кетуіңіз мүмкін. Мұны петропавлдықтар жақсы біледі.

Тек жеміс-жидекті ғана емес, ет пен сүт өнімдерін де әбден қайнатып барып жеу керек.

Юрий Пузиков – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментi басшысының орынбасары:

-Сүтке кез келген уақытта қоқым түсуі мүмкін. Күн көзінен де бұзылады. Одан дизентерияны жұқтыруға болады. Сол себепті, сүтті кез келген жерден сатып алмау керек. Ал, жұмыртқадан сальмонеллёз ауруы тарайды. Оның алдын алу үшін жұмыртқаны ең алдымен ыстық судың астында жуып алу керек. Еттен бурцеллез жұғуы мүмкін. Сондықтан, кемінде 40 минут қайнату керек. Адамдар өздері сақтанып, гигиеналық ережелерді ұстанса денсаулығы да жақсы болмақ.

Айта кетейік, жаздың бірінші айының өзінде өңірде ішек инфекциясын 44 адам жұқтырып үлгерген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10 адамға көп. Ал, биылдыққа нитраттармен улану фактісі әлі тіркелген жоқ.

 

Акбопе Танирберген