Әр түрлі

Петропавлда Сирияға соғысуға барған солтүстікқазақстандыққа қатысты сот үкімі шықты

Марат Өмірзақов Баб эль-Хава деген шекарадаға өтпелі пункте қызмет еткен. Кейін “Аль-Мухаджерин Валь-Ансар” деген террористік топтың құрамында әскери қақтығыстарға қатысыпты. Кейін өз өмірі үшін үрейленіп ол Түркияға оралады. Бірақ, уақыт өте келе оны террористер Сирияға қайтуға көндіреді.

2014-ші жылы Ирак және Шам Ислам мемлекеті және “Джейшхур” содырлары арасында үлкен қақтығыс туындап, Баб эль-Хавадағылар амалсыздан Раккаға көшеді. Марат Өмірзақов одан бас тартып, қайта Түркияға аттанған. Онда шекараны заңсыз кескені үшін сол елдің Көші-қон полициясы қолға түсіріп, 1,5 жылдан кейін Қазақстанға жер аудартыпты. Енді міне, сот Марат Өмірзақовтың жоғарыда аталған істері үшін соңғы үкімін шығарды.

Михаил Гусев – Петропавл қалалық сотының судьясы:

-Петропавл қалалық сотының шешімімен Марат Өмірзақов ҚР Қылмыстық кодексінің 233 бабы 2-ші тармағы 2-ші бөлігі бойынша айыпты деп танылды. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылады. Жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді.

Ал 7 жылға темір торға тоғытылған Марат Өмірзақовтың қорғаушысы сот үкімімен келіспейміз, қайта шағымданамыз деп отыр.

Қуандық Мұхамедияров – Марат Өмірзақовтың адвокаты:

-Соттың шығарған үкімімен келіспейміз. Заң бойынша қайта шағымданамыз. Менің клиентім Сирияда болған емес. Ол Түркияға ақша табу үшін аттанған. Бірақ, шетелге шығу төлқұжатында шекараны асқаны жайында мөрі болмаған. Сол себепті, оны Көші-қон полициясы құрықтаған.

Айта кету қажет, сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылған Марат Өмірзақов үйленбеген, балалары жоқ.

 

Риат Шони