Құрылыс

16 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желілерге үлкендердің рұқсатымен ғана тіркелулері тиіс

Илья Куминов – оқушы:

-Мен көбіне “Вконтакте” желісінде үй тапсырмасын орындаған кезде отырамын. Ғаламтор арқылы бір-бірімізден білмегенімізді сұраймыз. Ата-анам бұған мүлде қарсы емес. Ал қазір далада таза ауа жұтып достарыммен велосипед тебемін. Кей кездері футбол ойнаймыз. Жалпы, жазғы демалысты интернетсіз-ақ қызықты өткізуге болады.

Ирина Якимова – 22 жылдық тәжірбесі бар психолог. Нәзік жанды бүгінде екі ұл тәрбиелеп отыр. Білікті маман ана ретінде жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануларына қарсы. Өйткені, ол қазіргі күні ғаламторда жастардың психикасына кері әсерін тигізетін сайттардың көбейгендігін айтуда.

Ирина Якимова – СҚО білім басқармасы білім саласындағы ақпараттық технологиялар мен әдістемелік жұмыс орталығының әдіскер-психологы:

– Ғаламтордың балалар үшін зияны өте көп. Мәселен, олар әлеуметтік желілерде достарымен хатты қысқа түрде жазысады. Одан жастардың ойлау қабілеттері нашарлап, сөйлемді дұрыс құрай алмау дәрежесіне жетеді. Бұдан бөлек, қазір интернетте түрлі балаларға арналмаған сайттар бар. Онда жасөспірім түгілі үлкендердің өзі көргенде жан түршігетін мәліметтер жетерлік. Сондықтан, мен ұлдарым әлеуметтік желілерді қолданған кезде үнемі бақылауда ұстаймын.

Шынымен де қазір ғаламторда жастардың санасын улайтын ақпарат жетерлік. Әсіресе, “Инстаграмм”, “Вконтакте”, “Уатцап” сынды т.б. әлеуметтік желілерде анайы фотолар мен видеолардың кездесіп жататындығы жасырын емес. Мәселен, әлем бойынша “Фейсбук” желісін 11 жастан кіші әр 5-ші бала қолданады екен. Сондықтан, биыл 1 маусымда “Ақ жол” фракциясының депутаттары үкіметтен 16 жасқа толмаған балалардың үлкендердің рұқсатынсыз әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салуды сұраған болатын. Елімізде бұл заңның қабылдануын ата-аналар да қолдап отыр.

– Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан, олар кішкентайларынан адал және тәрбиелі болып өсулері тиіс. Ал, қазіргі ғаламторда жасөспірімдерге арналған атыс-шабыс ойындары жетерлік. Ол баланың психикасын бұзады.

– Кішкентай балаларға әлеуметтік желілерде рұқсатсыз отыруға болмайды. Себебі, қазір ғаламторда неше түрлі анайы суреттер мен видеолар бар. Ол өсіп келе жатқан балғындар үшін өте зиян.

-Үкіметтегілер “Ақ жол” фракциясы депутаттарының балаларға ата-ананың рұқсатынсыз әлеуметтік желілерге тіркелуге тыйым салу туралы ұсынысын қолдады. Дегенмен де бұл өтініштің елімізде заң жүзінде қашан қабылданатыны әлі белгісіз. Бұл ұсынысты билік басындағылар алдағы уақытта Еуропа елдерінің тәжірбиесіне сүйеніп іске асыруды жоспарлап отырса керек.

 

Култанов Байболат