Спорт

“Ақ бидай – 2016” облыстық жазғы спартакиадасы өз мәресіне жетті

Ойынның басынан қызыл жейде киген Ғ.Мүсірепов ауданының спортшылары тактикалық шабуылдарға көшті. Алаң иелеріне қарсылық танытуға еш мүмкіндік бермеді. Үш және екі ұпай әкелетін доптарды сақинаға тура салып жатты. 4 кезеңге созылған кездесуде Ғ.Мүсірепов ауданының құрамасы жамбылдықтарды 22 де 12 есебімен ойсырата ұтты.

Жалпы ең көп ұпай жинаған Ғ.Мүсірепов ауданының құрамасы баскетболдан жарыс жеңімпаздары атанды.

-Спорт ханшайымы – жеңіл атлетика. Дәл қазір мұнда спортшылар түрлі қашықтықтарға жүгіру, дискі лақтыру және ұзындыққа секіруден сынға түседі.

6 спортшы қыз бір-біріне дес берер емес. Ұзындыққа секіруде соңына дейін кімнің аутсайдер, ал кімнің фаворит екені белгісіз. Барлығы бір-бірінен асады. Дегенмен де екінші мүмкіндігінде 4 метр 72 см-ге табан тіреген Тайынша ауданының өкілі Екатерина Патысьева алтыннан алқа тағынды.

Екатерина Патысьева – ұзындыққа секіруден жарыс жеңімпазы, Тайынша ауданы:

-Мен жеңіл атлетикамен 5-ші сыныптан бастап айналысамын. Жарыс болар алдында мүлдем дайындалмаймын. Демалуды жөн санаймын. Бұл жарысқа өзім алғаш рет қатысып отырымын. Бағым жанды.

Жауырыны жер иіскемеген балуандардың текетіресі. Боз кілем үстінде 65 келі салмақ дәрежесінде Қызылжар ауданынан келген Нұрполат Холмұратов пен Уәлиханов ауданының өкілі Сұлтан Баймышев күш сынасуда. Қос балуан бір-біріне дес берер емес. Алайда, бір ұпай айырмашылығымен қызыл жейдедегі Сұлтан Баймышев өз қарсыласын тізе бүктірді.

Сұлтан Баймышев – еркін күрестен жарыс жеңімпазы, Уәлиханов ауданы:

-Финалдық белдесу қиын болды. Қарсыласыммен бұрындары кездескен емеспін. Бір ұпай айырмашылығымен әзер дегенде ұттым.

Бұнда басымдық қызыл жейдедегі М.Жұмабаев ауданының өкілдерінде болды. Қарсыластарының аймақтарына допты шегедей қадап, қоржындарын кезекті ұпайларымен толықтыруда. Тіпті, эйс те жасап жатты. Тартысқа толы төртінші партия болды. Мұнда басынан 20 да 13 есебімен ұтылып келе жатқан Ғ.Мүсірепов ауданының қыздары белсенділік танытып, ұпайларын 17-ге дейін жеткізді. Бірақ, күштері таусылды ма, әйтеуір қарсыластарына есе жіберіп алды.

Анастасия Фиксель – волейболдан М.Жұмабаев ауданы құрамасының ойыншысы:

-Ойын ауыр болды. Әсіресе, соңғы партия. Себебі, командамыз тез арада жасақталған. Бір-бірімізді түсінбей жаттық. Бірақ, нәтиже бар. Бізді сонысы қуантады.

Жалпы қыздар арасында волейболдан бірінші орынға Қызылжар ауданының нәзік жандылары қол жеткізді.

Шаршы алаңда – кіл мықтылар. Олар өздерінің қарсыластарын шаң қаптырып ақтық кезеңге жетті. Бүгін бұлардың барлығы үшін шешуші сәт туып тұр. Мінекей, былғары қолғап түйістіруге қызыл бұрышқа М.Жұмабаев ауданының спортшысы Азат Елубаев шықты. Оның қарсыласы Ғ.Мүсірепов ауданының өкілі Дамир Қажығалиев – көк бұрышта. 69 келі салмақ дәрежесіндегі бұл жекпе-жек тартысты өтті. Ақыры Азат Елубаев бар күшін салып өз қарсыласын жұдырықтың астына алды. Осылайша, ол ұпай сандарымен басым түсті.

Азат Елубаев – бокстан жарыс жеңімпазы, М.Жұмабаев ауданы:

-Жекпе-жек ауыр болды. Қарсыласымның күші зор. Жасы да өзімнен үлкен. Физикалық тұрғыда әлдеқайда мықты екен. Өзім де көп жаттыққанмын. Соның арқасында жеңісті жұлып алдым.

Сонымен шешуші сәт те келіп жетті. Пресновка селосының мәдениет үйіне дүйім жұрт жеңімпаз атанған жеңімпаздарды көруге жиылды. “Ақ бидай-2016” жазғы спартакиадасында үздік үштікті 296 ұпаймен М.Жұмабаев ауданы тұйықтады. Жүлдегерлерге 100 мың теңге көлемінде сертификат табысталды. Ал 297,5 балл жинаған тайыншалықтар күміс жүлде мен 200 мың теңгеге ие болды. Қарсыластарын барлық сындарда шаң қаптырып, қоржынына 298 ұпай салған Ғ.Мүсірепов ауданы спартакиаданың жеңімпазы атанды. Оларға 300 мың теңге көлемінде сертификат берілді.

Сергей Минин – Ғ.Мүсірепов ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

-Былтыр біз Тайынша ауданындағы жарыста екінші орын алған болатынбыз. Биыл мықтап дайындалып тұғырдың жоғары сатысына шықтық. Жалпы ауданымызда спорт жақсы дамыған. Бассейн, дене шынықтыру және сауықтыру кешендері бар. Жеңісімізге қуаныштымыз.

Сондай-ақ, бұл жазғы спартакиаданы жоғары деңгейде өткізгені үшін облыс әкімінің атынан Газель автокөлігінің кілтін өңір жетекшісінің орынбасары Анархан Дүйсенова Жамбыл ауданының басшысы Иван Турковқа табыстады.
Айта кетейік, аталған ауданның спортшылары бұл жарыста 270 ұпаймен 5-ші орынға тұрақтады.
Енді, спартакиада келесі жылы Мамлют ауданына өтпек. Салтанатты жиында “Ақ бидай” жарысының жалауы келесі қожайындарына берілді.

 

Риат Шони