Әр түрлі

Ескі саябақ біртіндеп жөнделеді

Күн дүйсенбі. Сағат таңғы 9:00. Бұл уақытта құстардың әуенін тыңдап, бесік арба сүйреткен аналар, үй жануарларымен серуендеуге шыққан қыздар, спортшылар осы маңнан табылды. Ескі саябақ – олардың сүйікті орны. Бірақ, тұрғындардың айтуынша бұл жер де кемшіліксіз емес екен. Мәселен, маңайда шашылған қоқыс көп. Ал, бейберекет өсіп кеткен шөптің арасына тығылған жанды таппай қалуға болады. Мұның барлығын қадағалау кімнің міндетінде?

Серік Қанапинов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Мәдениет және демалыс саябағы 12 алаңға бөлінген. Әр алаңқайға белгілі бір ұйым бекітілген. Санитарлық тазалық пен үш айлықтың аясында бекітілген кәсіпорын өз алаңын қоқыстан тазартады, сыпырады, ағаштардың күтімімен айналысады.

Абаттандыруға байланысты солтүстікқазақстандықтардың өзге де сын-пікірлері бар.

-Партизан көшесіне қарайғы шет, тіпті қараңғы, орман. Ары қарай өте алмайсың. Құрығанда сол жерді жаңартса екен. Жолды ашып, жарықтандырса.

-Ескі саябақта жарық жоқ. Кешкісін және таңертең болсын қараңғыда жүгіреміз. Жолдар жаңбырдан кейін лайсаң болып кетеді. Осы мәселелер ескерілсе.

-Мұнда жол нашар. Асфальт үгітіліп қалған. Бұрын жақсы болып еді. Қазір саябақтың абаттандырылуына көңіл аз бөлінеді.

Расымен де, мұндай ойшықтарды велосипедшілерге айналып өту оңайға соқпайды. Қалалық әкімдікте тротуарды біртіндеп жаңалауға уәде етіп отыр. Бүгінде кейбір жерлер жартылай жөнделіпті. Мамандар асфальт төсеуді ары қарай жалғастыруға жауын-шашын тыйылғаннан кейін кіріспек. Бұдан өзге, төрт аяқты жануарлардың иелері үшін де жаңалық бар.

Серік Қанапинов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Биыл иттердің серуені үшін арнайы торлы орындарды орнату ісі басталмақ. Бұл жайлы бізге тұрғындар әлеуметтік желілерде өтініш тастады, жазбаша түрде де ұсыныс білдірді. Қазір жобаның сметалық құжаты пысықталып жатыр. Одан бөлек, скейдбордқа арналған алаңқай да орнатылмақ.

ТКШ бөлімінің өкілдері скейдбордта еркін сырғанау мүмкіндігіне жергілікті әуесқойлар екі аптадан кейін қол жеткізе алады деп сендірді. Ал, қалалықтар өз үй жануарларын ережеге сай жаңа торлы орындарда тек жаз мезгілінің соңында ғана серуендете алады.

 

Акбопе Танирберген