Спорт

Жамбыл ауданында «Ақ бидай-2016» жазғы спартакиадасы өз жалауын желбіретті

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

-«Ақ бидай» ауылдық жерлердегі спорттың дамуына үлес қосатын ерекше жарыс болып табылады. Осы жарыстардан ел намысын әлемдік ареналарда қорғап жүрген спортшылар шығады. Бүгінде әр елді мекенде спортпен айналысатындардың санын көбейту мақсатында спорт құрылымдары, алаңдар салынып жатыр. Бұл жұмыс өз жалғасын табады. Құрметті жарысқа қатысушылар, сіздерге зор денсаулық, табыс, биік жетістіктер тілеймін! Бүгінгі жарыста жүзден жүйрік, мыңнан мықтылар жеңіске жетсін. Жазғы «Ақ бидай-2016» спорт мерекесін ашық деп жариялаймын.

Бұдан соң «Ақ бидай-2016» жазғы спартакиадасының жалауы көкке көтерілді. Кейін ортаға жиырмасыншы спорттық ойындардың алауы шығарылды. Оны жағу құрметі жеңіл атлетикадан Орталық Азия спартакиадасының чемпионы Сайлау Теміртасовқа берілді. Міне, үш күн бойы мықтыны анықтайтын командалардың шеруі де басталды. Ортада – бақ пен бап таластыратын өңірдің 13 ауданынан келген мықтылар.

Жалпы Жамбыл ауданы дүбірлі доданы осымен екінші мәрте өткізуде. Алғашқысын осыдан 13 жыл бұрын ұйымдастырған. Кезекті спартакиаданы тиісті деңгейде өткізу үшін ауданда қыруар жұмыс атқарылған екен.

Зейнолла Макенов – Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

-Біз бұрынғы стадионды қайта жаңғырттық. Спортшылардың келуі, тамақтануы, тұратын жерлері толық қамтылды. Жалпы бұл жарысты өткізу үшін аудандық бюджеттен 20 миллион теңге қаражат жұмсалды.

Мың бұралған бишілер мен жезтаңдай әншілер спартакиаданың ашылу салтанатының көркін қыздыра түсті. Мереке өңір жұлдыздарының ән шашуымен жалғасын тапты.

 

Култанов Байболат