Балалар

“Аққайың” балалар сауықтыру лагерінде 175 бала демалуда

Бұл – “Чемпиондар” отряды. Балалар бірнеше кезеңнен өтіп, нысананы көздеп атуда. Жандос Жангелдіге лагерьде демалу қатты ұнап қалғанға ұқсайды. Биыл екінші мәрте келіп уақытын, тиімді өткізуде.

Жандос Жангелді:

-Маған өте ұнайды. Бір-бірімізбен жарысамыз. Ойнаймыз.

Ал, ең кішкентай балғындардың тобы “Апельсин” деп аталады. Жанын салып бүгінгі спорттық сынға қатысып жатқан кішкентай Рауана мұнда биыл алғаш мәрте келіпті. Оған бәрінен бұрын кешкісін ұйымдастырылатын би кеші ұнайтын көрінеді.

Рауана Усеинова:

-Ата-анамды сағынған жоқпын. Мұнда достарым көп.

Балалар бос уақытында ағылшын тілін меңгереді. Түрлі байқауларға қатысады. Корпустардың ішінде кітаптар оқиды. Теледидардан түрлі бағдарламалар қарайды. Бастысы, бұл жерде қаланың әр мектебінен келген балғындар тіл табысып, дос болады. Олардың уақыттарын қызықты әрі тиімді өткізіп, жақсы демалулары үшін барлық жағдай жасалған.

Лариса Гальчукова, “Аққайың” балалар сауықтыру лагерінің басшысы:

-Тәрбиешілер мен тәлімгерлер арнайы курстан өткізілген. Барлығы да арнайы сертификатқа ие. Апта сайын қауіпсіздік шараларын еске салып отырамыз. Медпункт жұмыс жасайды. Дәрігер, медбике, психолог мамандар бар. Одан бөлек, “Екі жұлдыз”, “Точь в точь” сынды түрлі қызықты шаралар өтеді. Қаладағы театр ұжымдары қойылымдарымен келеді. Бұның барлығы балаларға ұнайды.

Бұл уақытта спартакиада аяқталып, түс таянды. Балалар тамақтану үшін асханаға жиналады. Айту керек, мұнда бес реттік тамақтану кестесі қүрылған. Жеміс-жидек пен көкөністер, өзге де түрлі дәрумендер әрқашан мәзірде. Балақайлар өз ыдыстарын жинап кетуді де ұмытпайды. Қауіпсіздік техникасын да жақсы біледі.

Болат Жанғожинов, “Планета” туристік орталығының директоры:

-“Аққайың” балалар сауықтыру лагері биылғы маусымын ашқалы 535 бала демалды. Қазір үшінші кезең өтуде. Балалар келмес бұрын әр кезең сайын мұндағы масаларды улау жұмыстары жүреді. Қалалық білім бөлімінің, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің қатысуымен жиын өткізіледі. Оның барысында біздің жалпы дайындығымыз бен демалыс аймағының балалар үшін қауіпсіздігі тексеріледі. Тек осы шаралардан кейін ғана балалар келеді.

“Аққайың” балалар сауықтыру лагерінің биылғы маусымы 5 кезеңнен тұрады. Оның әрқайсысы 12 күнге созылады. Тамыздың 16-шы жұлдызында демалушы балғындар үшін лагерь өз есігін жабады.

Акбопе Танирберген