Қоғам

Пилоттық жоба аясында 3 жарым мың жерлесіміз көліктерін қайта тіркеуден өткізді

Сәрсембай Әубәкіров – көлік жүргізушісі:

-Мында келіп құжаттарымды өткізіп едім, барлығын азғантай уақытта жасап берді. Енді жарты сағаттан соң техникалық төлқұжатым дайын болады.

Елімізде бұл жаңа пилоттық жобаны “Азаматтарға арналған үкімет” АҚ мемлекеттік корпорациясы маусымнын 6-сынан қолға алып отыр. Содан бастап аталған қызмет түрін 3 жарым мың жерлесіміз пайдаланған. Жалпы, қаламыздағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында күн сайын 50-ден аса тұрғын көліктерін қайта тіркеуден өткізеді.

Сергей Гизбрехт – СҚО ІІД тіркеу-емтихандық жұмыстар бөлімінің бастығы:

-Бұл пилоттық жоба шынымен де тиімді болса, 2 айдан соң нақты қабылданбақ. Оның артықшылығы – уақыттың үнемделуінде. Яғни, бұрындары жүргізушілер айыппұлдарын, салық төлемдерін тиісті органдарға барып жеке-жеке тексертетін. Кейін толық құжаттар топтамасын өткізу үшін ХҚКО қызметкеріне баратын. Ал, қазір мұнын бәрін бір жерде істеуге болады.

Бұл биылғы жылға темір тұлпар тізгіндеушілер үшін алғашқы жаңашылдық емес. Бұған дейін елімізде автомектепте оқымай-ақ жүргізуші куәлігіне ие болуға мүмкіндік беретін заң қабылданған болатын. Ол үшін әр ерікті Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып жолда жүру ережесіне емтихан тапсырулары тиіс.

Сергей Гизбрехт – СҚО ІІД тіркеу-емтихандық жұмыстар бөлімінің бастығы:

-Бізге бүгінге дейін барлығы 36 адам келіп емтихан тапсырды. Оның тек 8-і ғана жүргізуші куәлігіне ие болды. Қалғандары өкінішке қарай, жол-қозғалысы ережесіне қатысты тест сұрақтарын тапсыра алмады. Жерлестеріміздің көбі көлікті жүргізе алғанмен заң ережелерін білмейді.

Айта кеткен жөн, елімізде автомектепте оқымай-ақ жүргізуші куәлігіне ие болуға мүмкіндік беретін заң осыдан бір ай бұрын күшіне енді.

 

Култанов Байболат