ТКШ

Петропавлда тұрғындар аулаішілік жолды жөндете алмай әлек

Дегенмен, соған қарамастан жергілікті жұрт баспана алдын таза ұстап, ағаш пен гүл отырғызады екен. Бірақ, айтуларынша, өсімдік бұл жерге аса шыға қоймайды. Өйткені, жері тым ылғалды.
Ал жақында дәл осы маңда үй тұрғындарының бірі – Марина Безуглая суға толы шұңқырға абайсызда жығылып кетіп, қолын жарақаттап алған.

Марина Безуглая – Советская көшесі, 45-ші үйдің тұрғыны:

-Бұл үйде мен 8 жыл тұрып келемін. Жыл сайын көршілерімізбен шығып, гүл отырғызамыз. Бірақ, еңбегіміз зая кетеді. Өсімдік түк өспейді. Ауламыз жаңбыр жауса суға толып кетеді. Жақында балам лайға жүгіріп бара жатқан, артынан құлап қалмасын деп мен де ілестім. Екеуіміз де құлап түстік. Қолымды жарақаттап алдым. Қашанға дейін осылай жүреді екенбіз. Барлық тиісті органдарға хабарластық. Еш өзгеріс жоқ.

Жол зардабын тартып отырғандардың қатарында Шухов көшесінің тұрғындары да бар. Дәл осы мекен жайдағы 12-ші үйдің ауласына асфалть соңғы рет шамамен 40 жыл бұрын төселген. Қазір бұл жер ойдым-ойдым шұңқырға толы. Сәл жаңбыр жауса болды айнала суға толып, ары-бері жүруге мүмкін болмайды екен.

Бұл мәселені үй тұрғындары өз күштерімен де шешуге тырысқан. Олар бірнеше мәрте аулаға қиыршық тас төсеп те көріпті. Бірақ, нәтижесіз. Жаңбыр суы бәрін шайып әкетуде.

Юрий Река – Шухов көшесі, 12-ші үйдің тұрғыны:

-Бір ай бұрын ғана мен біздің аулаға 5 тонна қиыршық тас төсеткенмін. Қазіргі кейпі мынау. Ешбір нәтиже жоқ. Бұл жерге асфальт төсеу керек. Көлік өтеді ғой. Ал балаларымыздың үсті-басы кір болады. Бір жерлерін жарақаттап алады ма деп үрейленіп отырасың.

Қалалық әкімдіктегілердің сөзінше, бұл мәселе ағымдағы жылы шешілмек. Бүгінде олар 39 аулаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп үлгерген. Бәрі де кезекпен дейді олар.

Серік Қанапинов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Шынымен де аталған мекен жайлардағы тұрғындар бізге өтініш жазған болатын. Кезекке те тіркелді. Енді олар сәл күте тұрулары қажет. Ауа райы кедергі болып тұр. Қыркүйек айына дейін олардың мәселелері біржақты етіледі. Яғни, үй аулаларына асфальт төселетін болады.

Жалпы биыл аулаішілік жұмыстарға жергілікті және республикалық бюджеттен 200 млн теңге қаражат бөлініпті. Және тағы қосымша 50 млн теңге бөлінеді деп жоспарланған.

 

Айгерим Ержанова