Әр түрлі

Петропавлда зияткерлік меншік құқықтарын сақтау тақырыбында тренинг өтті

Бүгінде елімізде 40 мың өнертабыс пен 70 мың тауар белгісі тіркелген. Бірақ, белгілі бір адамның атына рәсімделген авторлық құқыққа көз жұма қарап, заңбұзушылыққа баратындар да кездеседі. Сол себепті, бүгінгі аймақтық тренинг «Зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау» тақырыбында өтуде.

Жанат Нұрмағанбетов, «Болотов пен Серіктестер» ЖШС аға заңгері:

-Мәселен, елімізде “Икеа” тауарының затбелгісін жиі пайдаланады. Оның баламасын жасап, сыртына осы атауды жазып сатады. Бірақ, сапасы сәйкес келмейді. Ал бұл зат белгісі – белгілі бір компанияның атына рәсімделген. Мұндай көзбояушылар заңмен жазаланады. Тауары жойылады, айналымнан алып тасталынады. Онымен қоса кейбіріне 40-100 және 300 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Бүгінгі семинарды тыңдауға жергілікті судьялар мен құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысуда. Олардың айтуынша біздің өңірде мұндай оқиғалар жоқтың қасы.

Абылайхан Батраханов, СҚО Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы:

-Солтүстік Қазақстанда кейінгі 5 жылда зияткерлік меншікке қатысты тек 2-3 шағым келіп түсті. Оның біреуіне тоқталсам, алкогольді ішімдіктің тауарлық таңбасына қатысты болды. Өндірушілердің бірі келіп, тағы бір кәсіпкердің тауарларының сыртындағы затбелгі өзінікімен тым ұқсас екенін айтып арыз түсірген.

Петропавл – Зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау тақырыбында тренинг өтіп отырған 9-шы шаһар. Шара жыл төңірегінде Қазақстанның барлық қалаларында өткізілмек.

 

Акбопе Танирберген