Мәдениет

Өңірдің 80 жылдығына арналған көрме

Туындыда 80 жыл ішінде өңірге басшылық еткен азаматтар жайлы, өлкенің дамуына сүбелі үлесін қосқан зиялы қауым өкілдері мен ел туын әлемдік олимпиадада асқақтатқан жерлес спортшылар туралы ақпараттар жазылған. Былтыр өңірде аталып өткен елеулі мерейтойларда түсірілген суреттердің бояуы қанық. Үш тілде жазылған кітапта экономика мен мәдениеттің дамуы, өнеркәсіп мен мал шаруашылығындағы алғабасушылық жайы да көрініс тапқан. Облыстың 80 жылдық мерейтойына арналған көрмеде 30-ға жуық кітап жайғастырылған.

Вера Абраменко, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының бөлім жетекшісі:

-Әр кітап несімен қызық? Ең бірінші, оқырман өз туған жері жайлы біле түседі, тарихынан хабардар болады. Біздің өңір – бай өлке. Танымал тұлғалары да жетерлік. Тізе берсең қатары көп. Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан батырлар мен ардагерлерге арналған бірнеше кітап та осы жерде жайғасқан. Олар жайлы бірінші кезекте жастар білуі керек. Бізге келіп, көрмедегі кітаптарды оқитын кейінгі буын өкілдері баршылық.

«Аққайыңдар өлкесі» альбомы 1989 жылы басылып шыққан. Оның ішінде өңірдің тыныс-тіршілігі, қаладағы ғимараттардың суреттері кірістірілген. Кітапты парақтап отырып, облыс орталығының көркін келтіріп тұрған бірқатар әдемі ғимараттардың дені әлі бой көтермегенін аңғарасыз.

Ақбөпе Тәңірберген:

-Көрмедегі ерекше көзге түскен кітаптың бірі «Әдеби Есіл өлкесі» альманахы. Туынды осыдан дәл 20 жыл бұрын СҚО-ның 60 жылдық мерейтойына орай басылып шыққан. Мұнда И.Шухов, С.Мұқанов, М.Жұмабаев сынды жерлес ақын-жазушылардың теріскейге арнаған маңдайалды туындылары жинақталған.

Жалпы Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасы қорында 200 мың дана кітап бар. Ал, бүгінгі көрме жаз мезгілінің соңына дейін жалғаспақ.

 

Акбопе Танирберген