Билік

ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СҚО бойынша департаменті І жартыжылдықты қорытындылады

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

-2016 жылы өңірдегі мемлекеттік органдарда 1017 маманды оқыту жоспарланған. Соның 63 пайызы бірінші жартыжылдықта білімдерін жетілдірді. Өткен жылы кейбір мемлекеттік органдарда кадрларды оқыту жоспары толығымен орындалмаған. Биыл бұл тапсырманың орындалуын жіті бақылауға аламыз.

Жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен барлығы 54 өтініш қаралыпты. Соның негізінде мемлекеттік органдарда 26 тексеріс өткізіліп, нәтижесінде 74 бұзушылық анықталып отыр. Солтүстікқазақстандықтардың біразы аудандық бөлімдердің үстінен шағымданыпты.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

-Тұрғындардың шағымы негізінде жыл басынан 14 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Нақтырақ айтсақ, 5-уіне ескерту жасалды. 3-уі жай ғана сөгіс, біреуі қатаң сөгіс алды. Тағы 3 маман қызметіне толық сай емес деп танылды. Екі қызметкер жұмыстан шығарылды.

Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СҚО бойынша департаменті сайт арқылы жүргізілетін мемлекеттік сатып алуға да мониторинг жасап отырады.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

-Үстіміздегі жылдың басынан бері жемқорлыққа қарсы 7 мониторинг өткіздік. Қазіргі таңда сайттан 7 хабарландыру алынып тасталды. Онда түрлі мемелекеттік органдар бензин, сэндвич-панель, қызметтік көліктердің бағасын нақты бағасынан жоғары көрсеткен. Осылайша, біз 12,5 млн теңге мемлекет қаражатын үнемдеп қалуға септестік.

Департамент мамандары Елбасы тапсырмасына сәйкес, жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейтуде. Жақында мамандар скайп бейнеқосымшасы арқылы шалғайдағы аудан тұрғындарымен байланыс орнатты. Сондай-ақ, азаматтар қоғамдық індет жайлы мәліметтерді департаменттің Фейсбук, Твиттер, Вконтакте сынды әлеуметті желілердегі парақшалары арқылы хабарлай алады.

Берік Қасен