Қоғам

СҚО-ның құрдастары

Аслан Нехай, еңбек ардагері:

-Соғыс бізге зор залалын тигізді. Ірі зауыт, фабрикалар мен өндіріс ошақтары бұзылып қалды. 50 жылдары азып-тозған халыққа ішерге ас, киерге киім жетіспеді. Биліктің шешімімен еңбекке қабілетті азаматтардың барлығы жаппай тың игеру науқанына тартылды. Соның ішінде мен де бармын. Мен тракторшы, комбайншы да болдым. Жер өңдеп, тұқым септік, күзде егілген егінді орып, комбайнмен астық бастырдық. Жауапты жұмыстарға белсенді араластым.

Осылайша, жерлесіміз Аслан Нехай 70-ші жылдың басына дейін танап басында бел жазбай еңбектеніпті. Кейін аудандарда партия қатарында қызмет атқарған. Аслан Нурович облыс орталығына еліміз тәуелсіздік алған жылдары жанұясымен көшіп келіпті.

Аслан Нехай – еңбек ардагері:

-Қарап отырсам, содан бері 62 жыл өтіпті. Осы мерзім аралығында көп өзгерістің куәгері болдым. Қазіргі Қазақстанды бұрынғы кезеңдермен салыстыруға мүлдем келмейді. Жаңа зауыт, ғимараттар тұрғызылды, баспаналардың саны артып, жылдан жылға халықтың жағдайы түзеліп келеді. Бала-шаға, немерелеріміз сапалы білім алып, жастар шетелде оқып жүр. Өзім қазір “Береке” шағын ауданында тұрамын. Маңайымызда жас отбасыларға тұрғын үйлер беріліп, былтыр Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды.

Көнекөз қария бүгінде елдің, Елбасының ұстанған саясатын қолдайды, әр жетістікке іштей қуанады. Айтуынша, ұлттар татулығы мен дамудың даңғыл жолын қатар ұстанған елдің келешегі кемел болмақ. Аслан Нехай тамыз айында 80 жасқа толады. Демек ол да облысымыздың түйедей құрдасы. Қазіргі таңда жерлесіміздің ұлдары мен қыздары әкесінің ақылын алып, елдің қамы үшін адал қызмет етіп келеді. Бүгінде Аслан Нехай мен зайыбы Марина Нехайдың отау құрғандарына биыл 60 жыл толып отыр.

Марина Нехай – Аслан Нехайдың зайыбы:

-Біз некемізді 18 жасымызда қидық. Міне, отасып отырғанымызға 60 жылдан астам уақыт болды. Жолдасымыз екеуміз осы уақыт ішінде көптеген дүниелердің куәгері болдық. Қаншама қиыншылықтарды бастан кешірдік. Қазір бақытты, бейбіт елде өмір кешудеміз.Соған қуаныштымыз. Қазақстанымыз көркейіп, дами берсін.

Қазіргі таңда бақытты жанұя 1 қыз бен 2 ұлдан 6 немере мен 3 шөбере сүйіп отыр.

Тогжан Акмагамбетова