Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Петропавлда бірқатар нысандарды аралады

Михаил Телюк – Кардиологиялық орталықтың қарқынды терапия блогының меңгерушiсi:

-Мынау – қарқынды терапия блогы. Бұл жерде барлық керекті құрылғы бар. Жергілікті бюджет есебінен контрпульсатор да алынған. Мұнда көбіне өткір миокарда инфарктісімен, басқа да аурулардың асқынған түрімен түскендер ем алады. Терапиядан кейін емделушілер палатаға ауыстырылады.

Бұдан соң министр орталықтағы емделушілермен кездесіп, денсаулық жағдайларын сұрастырды. Отадан енді шыққан пациенттерге тез жазылуларын тілеген Тамара Дүйсенова мекемедегі құрылғылармен де танысты. Мәселен, мына аппарат гемотологиялық анализатор деп аталады. Оның көмегімен емделушілердің гемоглобин деңгейін аз уақыт ішінде анықтауға болады.
Гүлнәз Мұқанова – Кардиологиялық орталықтың БКБЗ меңгерушісі:

-Бұл – швециялық аппарат. Оны біз екі жыл бұрын алғанбыз. Сағатына 60 тест жасауға болады. Сонда бір тестке бір минуттан жұмсалады. Бұл – дәрігерлерге өте ыңғайлы құрылғы.

Ал жақында орталық 18 млн теңгеге гемодиализ аппараты мен Экмо терапия құрылғысын сатып алды. Өйткені, мұнда келген емделушілердің 80%-на бұл қондырғылардың көмегі ауадай қажет. Осыған дейін аталған аппараттардың көмегіне жүгіну үшін орталық емделушілері облыстық ауруханаға жіберілетін.
Бүгінде мұнда керекті жабдықтар мен мамандар да жеткілікті.

Игорь Шумаков – Кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі:

-Біздің бөлімде барлығы 5 кардиохирург жұмыс істейді. Оның 4-уі Литвада тәжірибеден өтіп келген. Жақында тағы бір жас маман келді. Ол Қарағандыда ординатурадан өткен. Барлығы да отаның түр-түрін жасайды.

Бұдан соң Тамара Дүйсенова отадан кейін жалпы палатаға ауыстырылған емделушілермен әңгімелесті.

Бурабай Омаров – емделуші:

-Жасым 69-да. Осы жердегі мамандардың арқасында қазір денсаулығым бірқалыпқа келуде. Олар диагнозымды тез анықтап, емді бірден бастап кетті. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Мұнда барлық жағдай жасалған.

Бүгінде орталықта 51 қызметкер жұмыс жасайды. Оның 82%-ы – жоғары білімді мамандар. Жылына мұндағы мамандар 300-ге жуық ашық жүрекке ота жасайды екен. Қазір кардиологиялық орталықта 132 адам ем қабылдауда.

Бұдан кейін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі 294 орынға шақталған облыстық балалар ауруханасында болды. Тамара Дүйсенова ең алдымен мекеменің жан сақтау бөлімшесіне барды. Мұнда қазір теріскейлік 5 науқас ем қабылдауда. Олардың ең кішісінің жасы – небәрі 7 айлық.
Ал, мынау – аурухананың операция блогы. Бұл жерде кішкентай емделушілерге жылына 2 жарым мыңға жуық ота жасалады.

Кейін, министр аурухананың реабилитация бөлімшесін аралады. Мұнда түрлі тәсілдерді пайдалану арқылы күн сайын 40-тан аса баланың денсаулығы сауықтырылады.
Мәселен, мына бассейнде балғындар суға түсіп шынығады.
Ал, бұл – электроэнцефалография бөлмесі. Бұл жерде дәрігерлер аудандардағы емделушілердің мидағы және жүйкедегі биоэлектрлік қозғалыстарын ғаламтор арқылы бақылап отырады. Кейін, министр электронейромиография кабинетіне бас сұқты. Мұнда жыл басынан 600-ден аса емделуші тексеріліпті.

Мария Остроумова – Облыстық балалар ауруханасының функционалды диагностика дәрігері:

-Мына қондырғының көмегімен емделушілерге 54 әдіс бойынша тексеріс жасай аламыз. Бұл сырқаттанған жандарға аз уақытта диагноз қоюға көмек береді. Аудандардағы науқастарды біз ауруханаға жолдама арқылы шақыртып, бақылаймыз.

Облыстық балалар ауруханасымен жіті танысып шыққан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова емдеу мекемесінің атқарып жатқан жұмысына жоғары бағасын берді.

Тамара Дүйсенова – ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

-Қазір көріп отырмыз ауруханадағы реабилитация бөлімшесі өте жақсы. Егерде осындай балаларға ерте реабилитация жасалса біз науқастар арасында мүгедекті азайтамыз.

Бүгінде облыстық балалар ауруханасында 65 дәрігер мен 207 медбике қызмет етуде.

Бұдан соң Тамара Дүйсенова «Береке» ықшам ауданының Гагарин көшесіндегі жатаханаға барды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бой көтерген нысанда қазір 296 адам тұрады. Оның 7-уі мүмкіндігі шектеулі жан болса, 25-і – жетімдер. Мұндағы тұрғындардың дені – жас мамандар.

Ал мына 61-ші пәтерде Якуповтар әулеті тұрады. Әмір мен Вайда және қыздары Диана үшеуі мұнда өткен жылдың соңында қоныс аударған. Жетімдер үйінде бірге өскен жұптың жұмыс орны да бір жерде. Ерлі-зайыптылар облыс орталығындағы жиһаз фирмасының бірінде жұмыс істеуде. Жалақылары тұрақты.

Бұдан соң министр Тамара Дүйсенова жас отбасыға үлкен теледидарды сыйға тартты.

«Береке» ықшам ауданындағы мына екі үйде бүгінде 200 отбасы тұрады.

Тамара Дүйсенова – ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

-Қазір СҚО тағы 6 жатахана тұрғызу мәселесі қарастырылып жатыр. Ол үшін бюджеттен қаражат та бөлінеді.

Еске сала кетейік, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы елімізде 2011 жылы басатау алған.

 

Айгерим Ержанова