Қоғам

Петропавлдағы Юбилейное көшесінде орналасқан 9 қабатты үйдің құрылысы қайта жанданды

Жергілікті атқарушы органдар жауапты шаруаны елордалық “Akcent KZ” ЖШС-не сеніп тапсырған. Шала істің кесірінен 5 жыл бос тұрған үйдің 9-шы, 8-ші қабаттарына су өтіп, қабырғалары дымқыл тартып кеткен. Сондықтан, мұнадағылар жаңғыртуды баспананың төбесін бастапты.

Дамир Идрисов -“Akcent KZ” ЖШС жұмысшысы, Астана қаласы:

-Қазір біз үйдің төбесіндегі қара қағазды жұлып алып тастап жатырмыз. Жұмыс өте көп. Біз қара қағаздың орнына құрамында битум қоспасы бар сапалы материалды төсейміз. Төбедегі жұмыстарды аяқтау үшін шамамен бір ай уақыт жұмсалады.

Ал басқа жұмысшылар үйдің сыртында шала бекітілген керамограниттерді алып тастап жатыр. Айтуларынша ол кез келген уақытта түсіп кетіп, төменде жүрген адамды жарақаттауы мүмкін. Учаске жетекшісі Бегалы Байтулешов тізе берсең кем-кетік тұстары жетерлік дейді.

Бегалы Байтулешов – “Akcent KZ” ЖШС учаске жетекшісі, Астана қаласы:

-Үйдің сыртын жылытып, керама граниттің орнына торлы сымдар тартып, қасбетін сылаймыз.

Қайта жаңғырту жұмыстарына Петропавл қалалық құрылыс бөлімі
тапсырыс берген.

Мариям Мұқашева – Петропавл қаласы құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Мердігер компанияны облыстық қаржы басқармасындағылар ашық конкурс өткізу арқылы іріктеп алды. “Akcent KZ” ЖШС-гінің құрылыс нарығына шыққанына – 7 жыл. Астана, Алматы қалаларында көпқабатты үйлер тұрғызған. Қазір олар 126 пәтерлік жалдамалы-коммуналдық баспанада құрылыс-монтаждау жұмыстарын өткізуде. Оның сапалы орындалуын құзырлы органдар қадағалайтын болады.

Келісім-шарт бойынша мердігер компанияның жұмысшылары барлық шаруаны осы жылдың соңына дейін аяқтауы тиіс. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 354 млн теңге бөлініпті. 126 пәтерлік үй баспана кезегінде тұрғындарға беріледі. Нақтырақ айтқанда, пәтерлерге қоғамның әлжуаз тобындағылар мен әскери қызметкерлер қол жеткізе алады.

Берік Қасен