Денсаулық сақтау

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова солтүстікқазақстандық дәрігерлермен кездесті

Кейін, Тамара Дүйсенова аурухананың созылмалы гемодиализ және нефрология бөлімшесінде болды. Қазір мына бөлмеде бүйрегі сырқаттанған жерлестеріміз ем алуда. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі науқастармен әңгімелесіп, олардың хал-жағдайын білді.

Бұдан соң, Тамара Дүйсенова емдеу орнының сәулелі диагностика, ультрадыбыстық зерттеу бөлмелеріне ат басын бұрып, заманауи үлгідегі қондырғылармен танысты. Кейін, қадірлі қонақтың қатысуымен ауруханада жиын өтті. Бұл басқосуда халықтың орташа өмір сүру жасын арттыру және денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері қаралды.

Тамара Дүйсенова – ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

-Қазір еліміздегі тұрғындардың орташа өмір сүру жасы 71-ді құрайды. Ал, бұл көрсеткішті біз 2020-ыншы жылға қарай 2 жасқа өсіруіміз қажет. Сондықтан, біз әрдайым адамдардың денсаулықтарын қадағалап, бақылау жасап отыруымыз қажет. Қазір елімізде 30 пайыз тұрғын жүрек талмасынан көз жұмады. Қазақстандықтардың 12 пайызы жарақат алып қаза тапқан. Олардың көбі – суицид жағдайында ажал құшқандар.

Жиында Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәриям Бапанова министр алдында есеп беріп, облыстағы жағдайды баяндады. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова теріскейге жасаған сапары барысында аймақтағы тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесімен танысып, дөңгелек үстел жиынын өткізді.

Асқар Сақыпкереев – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

-Өңірде тұрғындарды жұмыспен қамту ойдағыдай жүзеге асуда. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы біз ауылды жерлерде жұмыс орындарын ашудамыз. Мәселен, алдағы жылы біз өңірдегі елді мекендерде 60 кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осылайша 3 мыңнан аса адам еңбекпен қамтылмақ. Жалпы аймақта мемлекеттік бағдарламаларды қолданып кәсіп ашқандардың саны артуда.

Жиын соңында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереевке өңірде өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдардың санын арттыруды тапсырды.

 

 

Култанов Байболат