Мәдениет

Петропавлдықтар қаланың 264 жылдығын атап өтті

Алдымен қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов құттықтап, өз тілегін білдірді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Облыс орталығында заманға сай нысандар ашылып жатыр. Қаламыз күн сайын көркейіп келеді. Сіздердің оған қосқан үлестеріңіз зор. Отанымыз – ҚР дамуы жолындағы еңбектеріңіз табысты болсын. Аспанымыз ашық болып, еліміз құлпырып жайнай берсін. Қала күні құтты болсын. Болашаққа ұмтылған қаламыз өркендеп, дами берсін.

Бұдан соң қала әкімі Петропавлдың дамуына өз үлесін қосқан бірқатар азаматқа алғыс хаттар мен дипломдар табыс етті. Оның ішінде кәсіпкерлер мен зауыт қызметкерлері және медицина саласының мамандары да бар.

Қарлығаш Рамазанова – тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу және оңалту орталығының мейірбикесі:

-Медицина саласында мен 35 жыл жұмыс жасап келемін. Оның 15 жылын әлеуметтік бейімделу және оңалту орталығында қызмет еттім. Біз тұрғылықты жері жоқ адамдармен жұмыс жасаймыз. Олардың денсаулықтарын тексеріп, жағдайларын анықтаймыз. Бүгін менің де көп жылдық еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын.

Ал спорт саласында “Бэст” мектеп-гимназиясының оқушысы Екатерина Пюрко үздік деп танылды. Небәрі 11 жасында ол теннистен ел чемпионатына қатысып, күміс жүлдені қанжығасына байлаған. Айту керек, аталмыш спорт түрінде солтүстікқазақстандықтар соңғы рет жетістікке осыдан 30 жыл бұрын қолжеткізіпті.

Екатерина Пюрко – “Бэст” мектеп-гимназиясының оқушысы:

-Тенниспен айналысқаныма 4 жыл болды. Осы уақыт аралығында мен барлық облыстық турнирдің чемпионы атандым. Кішкентай болсам да бүгін қала әкімінің қолынан марапат алдым. Алдағы уақытта жерлестерімді тек жеңістеріммен қуантамын деген сенімдемін.

Мерекелік бағдарлама облыстық тарихи-өлкетану мұражайы маңында жалғасты. Аталмыш ғимарат алдында қолөнер шеберлері жұмыстарының көрмесі өтіп, қала тарихынан сыр шертетін суреттер де қойылды. Сонымен қатар, бұл жерде түрлі байқаулар да ұйымдастырылды. Мұнда Петропавл қаласына қатысты сұрақтар қойылып, жұмбақтар жасырылды.

Ал мына ретро алаңда татар ұлтының өкілдері қос бірдей мейрамды атап өтуде. Бірі қала күні болса, екіншісі – Сабантой.

Зулейха Бикметова – «Дуслық» татар-башқұрт орталығының мүшесі:

-Негізі Сабантой егін орылған соң тойланатын. Бірақ, қазір біз көктемгі егіс науқаны біткен соң да мерекелейтін болдық. Өйткені, Татарстанда сабантой маусым айында өтеді. Бүгінде оны біз Петропавлда қала күнімен қатар атап өтіп отырамыз. Биылғы егініміз жақсы шығып, диқаншылар оны уақытылы жинап алса деп тілеймін.

Ал мына жерде 40-қа жуық өңір палуандары жиналып, қала әкімінің жүлдесі үшін бақ таластыруда. Дәл қазір кілемде көк жейделі Райымбек Алпысов пен қызыл киімді Ақжол Жаңабергенов белдесуде. Қос спортшы да жақсы дайындықпен келген. Бірақ, жамбас әдісін қолданған Райымбек қарсыласын тізе бүктіріп, жеңіске жетті.

Райымбек Алпысов – жарысқа қатысушы:

-Күреспен 8 жыл айналысып жүрмін. Кілемге шалақындық спортшымен шықтым. Жақсы дайындалып келген. Жеңіске деген үмітім зор.

Мұнымен орталық алаңдағы мерекелік бағдарлама тынған жоқ. Күннің екінші жартысы музыкалық құттықтаулармен жалғасты. Сахнада жергілікті өнерпаздар мен қонақтар өнер көрсетіп, мереке сәнін келтірді.

-Мен өзім Көкшетау қаласынанмын. Бірақ сіздердің шаһарларыңыз маған қатты ұнады. Жаңа нысандар бой көтеруде, көгалдандыру жұмыстары да жақсы жүріп жатыр.

-Бүгінгі қала күні құтты болсын. Деніміз сау болсын. Аспанымыз ашық, еліміз тиыш болсын.

-Барлық қалалықтарды мерекемен құттықтаймын. Петропавл көркейе берсін.

 

 

Айгерим Ержанова