Әр түрлі

Петропавлдың туған күніне орай қолдан жасалған арбалардың жарысы өтті

Дмитрий Перемыкин – «Елес аулаушылар» тобының мүшесі:

-Мынандай машинаны жасау туралы ой былтырғы жарыстан кейін пайда болды. Біздің машина “Каспер” мультфильміне қарап жасалған. Ең бірінші, тиісті материалдарды жинап, бөлшектерін жасадық. Ал кейін барлығын біріктіріп, құрдық. Бұл көлікті 15 адам жасады.

Қаз қатар тізілген мына шағын көліктер картон қағаздан, пластмассадан және өзге де түрлі заттардан құрастырылыпты. Сайыскерлер жеңіске жету үшін бар өнерлерін салуда.

Петропавлда осымен 2 жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған додаға қатысушылардың саны артуда. Алдағы уақытта мұндай сайыс қаламызда дәстүрлі түрде өткізілетін болады,- дейді ұйымдастырушылар.

Александр Градволь – жарысты ұйымдастырушы:

-Қазіргі сәтте 12 қатысушы тіркелген. Бұл былтырғымен екі есеге көп. Олар жүріп өтетін жолдың ұзындығы – 500 метр. Мұндағы көліктердің барлығы қолдан жасалған. Біз мәреге бірінші жетіп, жақсы көрсеткіш көрсеткен көлікті және ерекше безендірілген арбаларды анықтаймыз.

Сайыс қорытындысы бойынша “Қи қоңызы” деп аталатын тарантас бірінші болып мәре сызығына жетіп, ең жылдам уақыт көрсетті. Ал, “Тарантополь” мен «Елестер аулаушылары» командаларының арбалары ерекше безендерілген деп танылды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

 

Тогжан Акмагамбетова