Қоғам

Петропавлда Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен жиын өтті

Тамар Дүйсенова – ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

-Біріншіден, инфрақұрылымдық жобаларды қолға алу қажет. Екіншіден, микрокредиттер санын арттыру маңызды. Ал үшінші мәселе – біліммен қамту. Бүгінде Оңтүстік өңірлерден Солтүстікке 3 мыңға жуық студент оқуға жіберіліп отыр. Енді оларды осы жаққа жұмысқа орналастыру мәселесі тұр. Төртінші, бұл -баспана мәселесі. Қазір біз қоныс аударушыларды жалдамалы пәтермен қамтамасыз етуді қолға алуымыз қажет. Сол себепті, тұрғын үй заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізуді қарастыру керек.

Бүгінде аталған пилоттық жоба өзінің оң нәтижесін де беріп отыр. Тек енді оның тиімділігін арттыру қажет. Осы орайда министр Тамара Дүйсенова бірқатар ұсыныстарын айтты. Оның ішінде микрокредиттер беру мен ауқымды жобаларды іске асыру және тұрғын үй мәселесін шешу де бар.
Бүгінде Солтүстік Қазақстанда қоныс аударушыларға барлық жағдай жасалған. Әлеуметтік жәрдемақылар, жер учаскелері мен баспана, жұмыспен қамту, балаларды балабақша мен мектепке орналастыру мәселелері де шешілген.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Біздің облысымызға көшіп келген азаматтарға барлық жағдай жасалған. Олар солтүстік жеріне тез үйренісіп кетті. Айту керек, бүгінде Оңтүстік Қазақстанда білім мекемелері жетіспеуде. Ал біздің аймақта жабылған мектептер қайта ашылмақ. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінетін болады.

Айту керек, қазір Оңтүстік өңірден Солтүстікке көшіп келгендердің саны 340 адамға жетті. Олардың дені жұмыспен қамтылып, өз кәсіптерін де дөңгелетіп үлгерген.

Махаббат Кенжебаева:

-СҚО Қызылорда облысынан көшіп келдік. Өз кәсібімізді де аштық. Бастапқыда 100 балапан сатып алдық. Кейін оны өсіріп, саудаладық. Ол ақшаға 3 бас сиыр сатып алдық.

Жалпы аталған жоба еліміздің дамуына ықпалын тигізетін маңызды бағдарламаладың бірі деді Премьер-Министр Кәрім Мәсімов.

Кәрім Мәсімов – ҚР Премьер-Министрі:

-Біз – бір елдің азаматтарымыз. Сондықтан, біз бір-бірімізге қолдау көрсетуміз қажет. Әсіресе, солтүстік өңірдің тұрғындары оңтүстіктен қоныс аударған адамдарға қолғабыс етсе жақсы болады. Бәріміз жұмылып, ел экономикасын көтеруіміз керек.

Бүгінде теріскейдің 36 елді мекеніне оңтүстік аймақтан 74 отбасы көшіп келген. Тағы 900 жанұя қоныс аударуға тілек білдіріпті.

 

 

Айгерим Ержанова