Спорт

Петропавлда Қала күнінде “Мен чемпион” балалар спорттық ойындары өтті

Абылай Серік – “Балдырған” құрамасының капитаны:

-Біз жарысқа жақсы дайындалдық. Жеңіске жетеміз деген ойдамын.

Жеребе тарту рәсімінен кейін ортаға “Балдырған” және “Тұлпар” құрамаларының жастары шықты. Сайыстағы алғашқы ойын осы ұл-қыздардың арасында өтпек. Бірінші дода – команда капитандарының жекпе-жегі.

Қос жасөспірім арнайы киімді киіп ортада күш сынасуда. Олардың қайсысы қарсыласын кілемнен тыс итеріп шығарса, сол жеңіске жетеді. Әзірге, екеуі бір-біріне бой берер емес. Міне, ірі денелі “Тұлпар” құрамасының көшбасшысы балдырғандық капитанды алаңның сыртына құлатып өз мықтылығын дәлелдеді.

Иван Вичко – “Тұлпар” құрамасының капитаны:

-Мен үшін бұл ойын аса қиын болмады. Қарсыласымның бойы менікінен төмен болғандықтан оны оңай жеңдім. Енді келесі сайыста күш сынасамыз.

Келесі ойында жеткіншектер допты аяқтарының ортасына қысып алып қашықтыққа секіріп жарысты. Мұнда балдырғандықтардың күші басым болды. Осылайша олар таразы басын теңестірді. Кейін, қос құраманың ұл-қыздары келесі сайыста сақиналарды жылжыта отырып жылдамдықтарын тексерді. Бұл тартыста тағы сол “Балдырған” командасының ойыншылары жеңіске жетіп есепте алға шықты. 4-ші дода “секіргіш” деп аталады. Мұнда әр ұжымның мүшелері 30 секундтың ішінде барынша көп секірулері тиіс.

Өкінішке қарай, сайыста балдырғандықтар небәрі 3 рет қана, ал тұлпарлықтар 5 рет секіріп жеңімпаз атанды. Сонымен есеп 2 де 2. Тартыс енді қызды. Келесі сайыста қай құраманың асығы алшысынан түссе, сол жеңіске жетпек. Шешуші жарыста әр құрама ойыншылары допты қолдарына алып жүгірді. Мұнда желаяқ “Тұлпар” командасының ұл-қыздары мықтылық танытып чемпион атанды.

Наталья Дементьева – мектептен тыс жұмыс бойынша қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының әдіскері:

-Бұл “Мен чемпион” балалар спорттық бағдарламасын қала күніне арнап ұйымдастырдық. Сайысқа қала мектептері оқушыларынан жасақталған 6 құрама қатысты. Күннің ыстығына қарамастан жасөспірімдер қызықты жарыс өткізді. Дода әділ болды деп ойлаймын.

Жарыс соңында кішкентай жеңімпаздарға тәтті-дәмділер табысталды.

 

Култанов Байболат