МТРА жаңалықтары

“Ұлы дала азаматтары” автошеруі – Петропавлда

ҰОС-ның алғашқы кезеңінде Қазақстанда 14-атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып майданға жіберілді. Дәл Петропавлда 314-ші дивизияның жасақталғанына да 20-шы шілдеде 75 жыл толады. Ұлы жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Оған жерлес жауынгерлердің қосқан үлесі де мол. Бүгінгі ұрпақ Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл толуын атап өтуде. Осынау қос датаны ұлықтау мақсатында жолға шыққан «Ұлы дала азаматтары» патриоттық автошеруі қаламызға ат басын бұрады дегенді естіп майдангер ардагерлер мен ауған соғысының қатысушылары алаңға бір адамдай жеткен.

Пётр Гладков, ҰОС ардагері:

-Біздің, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары күн өткен сайын сиреп келе жатыр. Бүгінгі бейбіт заманды көзімізбен көріп, осындай үлкен шаралардың куәсі болып отырамыз. Жастардың бастамаларына ризамыз.

Бізге Қостанайдан келген меймандарды өңірдің барлық әскерилері тік тұрып қарсы алды. Шілденің 4-і күні Алматыда 28-ші Панфиловшылар саябағында жиналып, жолға шыққан автошерушілердің құрамында 18 адам. Қатарында Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың жиені Алуа Байқадамова да бар.

Алуа Байқадамова, Иван Панфиловтың жиені:

-Қазір менімен бірге интернацалист жауынгерлер, соғыстың не екенін көрген, кеуделері орденге толы әскери азаматтар жүр. Біздің ортақ мақсатымыз соғыс кезінде қаза болғандарды ұмытпау, біздің жарқын болашағымыз үшін өз өмірлерін пида еткен жандардың абыройын асқақтату.

Кейін жиылғандар «Мәңгілік алау» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды. Қаза болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп бір минут үнсіздік жарияланды.

Автошерудің басынан-аяғына дейін ат салысып жүрген жандардың бірі «Генералдар кеңесі» бірлестігінің өкілі – Марат Марденов. Генерал-майор шараға қатысушылар жүрек қалауымен аталар аманатын арқалап келіп отырғандығын айтты.

Марат Марденов, «Генералдар кеңесі» РҚБ өкілі:

-Қазақстанда жасақталған 316, 238, 57-ші дивизиялар Мәскеуді ерлікпен қорғады. Олар Ленинград, Сталинград қалаларын жаудан азат етуге қатысты. Мұны бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.

Біздің қаладан кейін «Ұлы дала азаматтары» автошеруі Ақмола қаласына бет алады.

 

 

Акбопе Танирберген