МТРА жаңалықтары

Бескөл аулында мал соятын қосын ашылды

Омархан Өксікбаев – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Шағын және орта бизнесті қолдау – Елбасының саясаты. Бұл бақыт өңірде жақсы қолға алынуда. Ол үшін барлық жағдайлар жасалған. Өткен жылы ел бойынша шағын және орта бизнесті дамытуға Ұлттық қордан 800 млрд теңге бөлінді.

Бұдан соң Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев пен “Загот Интер” серіктестігінің директоры Шуми Исаков жаңа нысанның таспасын салтанатты түрде қиды. Қосынның ішінде заманауи қондырғылар орнатылған. Етті салқындатуға арналған 8 камера бар.

-Бұл – малдың бөлшектелген етін салқындатуға арналған тоңазытқыш. Камераның сыйымдылығы – 162 текше метр. Мұнда 18 тоннаға дейін ет сыяады.

Қосында көрсетілетін қызметтің құны – келісіне 35 теңге. Мұнда жылқыдан бастап ұсақ малға дейін сойылады. Нысанды ашу үшін кәсіпкер Шуми Исаков “Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасына жүгініп, 7 пайыздық үстемақымен несие рәсімдеген.

Шуми Исаков – “Загот Интер” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

-Бұл пункттің өндіріс қуаттылығы бір ауысымда 80 бас ірі қара, 60 бас жылқы, 120 бас ұсақ қара мал мен 100 бас шошқаны қабылдауға жетеді. Жобаның құны – 2 млн 400 мың доллар. Алдағы уақытта біз етті тереңдетіп қайта өңдеу ісін қолға алмақпыз. Яғни, шұжық, деликатес жасаймыз. Қондырғылардың барлығы автоматтандырылған.

Малды сою автоматты түрде жүреді. Төрт-түлікті тоқ беру арқылы жанын шығарып алады. Оған салмағына байланысты тоқтың қуаты ұлғайтылып отырады. Жалпы Үкімет қаулысы бойынша еліміздің ішкі нарығына шығарылатын ет осындай арнайы орындарда сойылуы тиіс.

 

 

Риат Шони