МТРА жаңалықтары

Петропавлдықтар Астана күнін түрлі шаралармен атап өтті

Бас қаладағы маңызды ғимараттар, бұрынғы ескі көшелер мен олардың қазіргі кейіпі. Ашық аспан астына қойылған 4 стендке осы сынды 50-ден артық сурет жинақталған. Оның арасында архитектурасы бойынша әлемдегі президент резиденцияларының арасында үшінші орын алған “Ақ орданың” орны ерекше.

Ал, келесі беттегі көрмені облыстық бейнелеу өнері мұражайы ұйымдастырған. Мұның барлығы петропавлдық әуесқой суретші Александр Листопаднийдің картиналары. Кейінгі жалдары Бас қалада тұрған автор уақытын әсем елорданы қыл қаламмен қағазға түсіруге арнапты. «Астана шеті» еңбегінде жаңа бой көтеріп келе жатқан нысандар мен ескі үйлерді бейнелеген.

Александр Листопадний, суретші:

-Менің жастығымның қаласы. Сүйікті қалам. Сондықтан Астанаға қатысты еңбектерім өте көп. Онда барсам шабытым оянады. Ханшатыр, Бәйтерек сынды басты ғимраттардың сызбасын дайындаған архитекторлармен араластым. Бүгін бұл ғимараттардың барлығы терихқа еніп үлгерді.

Қазақстан Конституциясы көшесінің басынан аяғына дейін толған қара құрым халық. Олар әр жерде өткізіліп жатқан мерекелік шараларды қызыға тамашалауда. Қолы ісмер петропавлдықтар орайлы сәтті пайланып жасаған бұйымдарын сатуда. Мерекелік хенд-мэйге Борис Козлов өзінің қайың қабығынан жасаған бірқатар дүниелерін алып келіпті.

Борис Козлов, «Козлов» ЖК басшысы:

-Көрмеге киіз үй, шеңбер пішіндес әйелдер бұйымына арналған сандықшалар әкелдім. Біреуін әзірлеуге 1 күн уақытым кетеді. Сағат, тарақ, айналар зор сұранысқа ие. Бәрін қайыңның қабығынан жасаймын. Бұрын шикізат әкелу үшін орманға баратынмын. Қазір ағаш цехынан аламыз.

Елордамыздың туған күніне арналған мерекелік шарада Астанының құрдасын да кездестірдік. Қазақ
мектеп- гимназиясында білім алатын Роза Тасымова Қазақстанның саяси-әкімшілік орталығы Алматыдан Ақмолаға көшірілген жылы дүниеге келіпті. Бойжеткеннің мақсаты биік, арманы асқақ.

Роза Тасымова, Астананың құрдасы:

-Жақында мен де он сегізге келемін. Астананың құрдасы болғаныма қуаныштымын. Бір жылдан кейін мектеп бітіріп бас қалаға оқуға түсуге барамын. Архитектор-инженер мамандығын алып ондағы ғимраттарды тұрғызуға үлес қосқым келеді.

«Астана, саған ән арнаймын». Осындай атаумен өңір өнерпаздары орталық алаңда концерттік бағдарлама қоюда. Осынау күні ұйымдастырылған шара – бастысы жиылған жұртышылықтың көңілінен шығуда. Олар жас қаланың алып шаһарға айналып, іргесі берік болса екен деп тілейді.

Бүгін Астана күнін жалпы ел болып тойлауда. Кейін іле-шала, шілденің оны күні петропавлдықтар қала күнін де атап өтпек.


 

Акбопе Танирберген