Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бас қаланың туған күнінде бірқатар солтүстікқазақстандықтың еңбегі еленді

-Астанада балаларым тұрады. Мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Мен Астананы құрметтеймін, мақтан етемін.

-Астананың көркіне көз тоймайды. Әсем қала. Мен жылда сонда тұратын туыстарым мен достарыма барып тұрамын.

Бүлдіршіндердің тәтті күлкісі, көкте қалықтаған бейбітшілік құсы, бақыттан жүздері бал-бұл жадыраған адамдар. Осы көріністің бәрін көріп жүрегіңде келешекке деген сенімділік ұялап, кеудеңді қуаныш кернейді. Осыған ұқсас сезімді көпшіліктің ортасында жүрген ардагерлер, тыл еңбеккерлері, зейнеткерлер мен өңірдің зиялы қауымы сезінсе керек. Себебі аға буын өкілдері тарихтың күрделі де қиын кезеңдерін басынан кешірген.
Бүгінгі мерекеге – табиғат ана да қуанышын білдіргендей. Аспан шайдай ашық, күн де жерлестерімізге молынан нұрын шашты. Мұны мерекеге жиналған қауымды елеулі күнмен құттықтау үшін сахнаға көтерілген облыс әкімі де айтып өтті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Бүгінде бас қаламызда келелі кеңестер өтеді. Барлық әлемге сәулеті келіскен шаһар ретінде танылып келеді. Келер үшін ЭКСПО – халықаралық көрмесін өткіземіз. Бұл – біз үшін үлкен абырой, атақ.

Айтулы мерекеде бірқатар азамат марапат пен қошеметке бөленді.

Дмитрий Тё – СҚО кардиологиялық орталықтың рентген-хирург дәрігері:

-Мен соңғы жылдары жұмыс сапарымен Астанаға жиірек баратын болдым. Бас шаһарымыз күнен-күнге көз ілеспес жылдамдықпен өсіп келе жатқандығын аңғарамын. Елордамызда ұлттық-ғылыми орталықтар, кардиохирургия ана мен бала, диагностикалық орталықтары сынды денсаулық сақтау саласының ауқымды кластері қарқынды даму үстінде. Қазіргі таңда еліміздің барлық дәрігерлері аталмыш орталықтарға барып, кәсіби біліктілігін артырып отырады.

Осы күні ерекше құрметке бөленген саясаткер, дәрігер, ұстаз, кәсіпкер, әрбірі – өз ісінің хас шебері. Бәрі де қошеметке лайық, еліміміздің нағыз елжанды азаматтары.

Жақан Нұрсейітовтің де еңбегі еленді. Ол күнде өңір тұрғындарын Астана қаласына жолаушылар көлігімен тасымалдайды. Осы іспен 35 жыл айналысқан жүргізуші жолдардың сапасы анағұрлым жақсарып, халықтың да Бас қалаға қатынауы жиілегендігін айтады.

Жақан Нұрсейітов – “Петропавл-NORD” ЖШС жүргізішісі:

-Жолдар да, автобустар да жаңарып жатыр. Бұған жолаушылар және біздер қуанамыз. Отанымыз гүлдене берсін!.

Ал, Бекболат Сәрсембаев болса, бүтін бір аудан бюджетінің дұрыс игерілуін қадағалап, түрлі саланың мамандарына жалақы бөледі екен.
Археология профессоры Виктор Зайберттің де айрықша еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Профессор ежелгі Ботай қонысын бар әлемге танытып, жылқының алғаш қазақ жерінде үйретілгендігін дәлелдеп шықты.

Виктор Зайберт – археология профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

 

-Айыртау ауданындағы Ботай қонысын 30 жылдан артық зерттеумен келемін. Және барша әлемге жылқының қазақ жерінен шықанын дәлелдеп жүрмін. Жылқы мінсең көлік. Барша азамат соның ішінде жаужүрек қазақ батырлары аттың көмегімен ұлан ғайыр жерді жаудан қорғады.

Бүгін орындалған би, айтылған ән де арман қала – Астанаға арналды. Өңір өнерпаздары бас қалаға деген жүректеріндегі жылуды әнмен жеткізді.

Берік Қасен