Спорт

Астананың туған күніне орай Петропавлда велошеру өтті

Елорданың туған күнінде вело жарыс өткізу орынды да. Себебі, бүгінде ел мерейін әлемге асқақтатып жүрген “Astana Pro Team”, “Vino 4ever” сынды велоклубтар бар. Сондай-ақ, Лондонда өткен жазғы олимпиада ойындарында Қазақстанның қоржынына алғаш болып алтын медальды дәл осы велосайыста оқ бойы оза шапқан Александр Винокуров салған болатын.

Валерий Евдокименко – Петропавл қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

-Астана күніне орай біз үшінші рет осындай вело жарыс ұйымдастырып отырмыз. Бұрындары қаланың шетінде өткізсек, осы жолы қала көшелерінде ұйымдастыруды жөн көрдік. Жұрт көрсін, білсін, келесі жолы өздері де қатыссын деген ниеттеміз.

Бүгін елордасы Астана қаласының 18 жасқа толуын теріскейліктер осылай, веложарыс өткізу арқылы думандатуда. Денені шынықтырып, жұртпен бірге таза ауада дем алуда. Ұйымдастырылған шарадан еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қалыс қалған жоқ.

Жүздеген солтүстікқазақстандықтар Александр Винокуров атындағы спорт сарайынан бастап Жеңіс саябағына дейін жүріп өтті. Бұл шамамен 5 шақырымдай жер. Мәре сызығын кесіп болғандарды үш түрлі номинация бойынша марапатталды. Қошеметке бөленгендердің қатарынада Маер отбасысы да бар.

Владимир Маер:

-Бірінші кезекте барлық қазақстандықтарды Астананың туған күнімен құттықтаймын. Біз отбасымызбен баяғыдан спортпен айналысамыз. Кешкілікте велосипедпен серуендейміз. Осындай жарыс болатынын естіп, ойланбастан қатысуды жөн көрдік.

Осылайша теріскейліктер Астананың туған күнін спорттық шарамен атап өтті. Бұнымен олар алда болатын олимпиада ойындарында өнер көрсететін жерлестерін қолдауда.

 

 

Риат Шони