Қоғам

Астана күніне орай Айыртау ауданында бірнеше нысан ашылды

Ағзам Тастеміров:

-Біздің ауылдағы осынау өнідіріс ошағы дәл Астана күні ашылып отыр. Ерекше датада таспасын кесіп отырмыз.

Таспа қиылды. Енді айыртаулықтар газобетонды блоктардың өндіріс үрдісімен танысуда. Мұндағы құрылғылардың барлығы заманауи – толығымен компьютерленген. Соның арқасында бұл жерде күніне 30 текше метр газобетон шығарылады.

Азамат Салпықов:

-Цехтың бой көтеруіне 20 млн теңге ақша жұмсадық. Бәрі өз қаражатымыз. Кәсіпорын күніне 30 текше метр газобетон шығаруға қауқарлы.

Айту керек, бір текшеде 28 блок бар. Әрқайсысы 600 теңгеден саудаланады. Оның біреуін дайындауға шамамен 15 минут уақыт кетеді екен.

Мирболат Раев:

-Ауданның тасы жоғары домалайды. Әрі тұрғындарға жұмыс табылды.

Ал мынау жаңадан енді ашылған «Алина» дүкені. Мұнда халық тұтынатын тауарлар саудаланбақ. Бұл жерге 5 адам жұмысқа қабылданады деп жоспарланып отыр.
Өз қаражаты есебінен кәсібін бастаған тағы бір айыртаулық ол – Идрис Мергалгалиев. Имантау ауылында «Жанель» атты супермаркет ашқан.
Сауда алаңы үлкен. Мұнда үйге керектінің бәрін табуға болады. Азық-түлік пен химиялық заттардың түр-түрі бар. Жоба құны – 25 млн теңге.

Айыртау ауданы өңірде туризм саласымен де ерекшеленеді. Жыл сайын мұнда жаңа демалыс орындары ашылып тұрады. Соның бірі -«Азиат». Рахия Байтенова бұл орынды «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғызған. Нәзікжанды 5 жылға 6 млн теңге көлемінде несие рәсімдепті.
Айту керек, өткен жылы Айыртау ауданының демалыс орындарына шамамен 30 мың адам келіпті.

Елена Авдеюк:

-Бүгін менің мұндағы бірінші күнім. Орталықта жасалған жағдай керемет. Маған ұнап жатыр. Табиғаты сұлу. Келер жылы да осында демалатын боламын.

Бұл ауданда балалар демаласына да көп көңіл бөлінеді. Мәселен, мынау «Салтанат» сауықтыру орталығы. Мұнда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері келеді. Лагерь шамамен 4 жыл жұмыс істеп тұр.

Мәлік Сапашев:

-Табиғаты әсем, сұлу ауданда көптеген демалыс орындары бар. Әсіресе балаларға арналған ойын-сауық лагерлерінің молшылығы қуантады.

Айту керек, мұнда балалар барлығы 3 кезеңмен демалады.

Самат Бегімбаев:

-Барлық техникалық базамен таныстық. Балаларға жақсы жағдай жасалған, барлығы жеткілікті.

Сонымен қатар бұл күні «Тәуелсіздік» деп аталатын стадион да ашылды. Оның құрылысына аудан бюджетінен 4 млн теңге жұмсалған. Ал аудан кәсіпкерлері көмек есебінде 1 млн теңгеден астам қаражат бөліпті.

Қажығали Бадымов:

-Барлық өңірдің түкпір-түкпірінен спортшылар келеді. 10-нан артық спорт түрінен бақ сынасатын болады. Шын мықтыларды іріктеп жатырмыз.

Еске сала кетейік, «Ақ бидай-2016» ойындарының облыстық кезеңі шілденің ортасында Жамбыл ауданының Пресновка ауылында өтеді деп жоспарланған.

 

 

Айгерим Ержанова