МТРА жаңалықтары

Шілденің 5-і – Ораза айттың бірінші күні

Құлшылық ету орнында өңір тұрғындарын аймақ басшысы Ерік Сұлтанов Ораза айт мерекесімен құттықтады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Діни сауаты жоғары, рухани бай ұрпақты тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасау баршамыздың ортақ міндетіміз. Отанымыздың бейбітшілігі мен татулығы нығая берсін!

Кейін “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы жиналғандарға қастерлі мейрамының қасиеті, маңызы және адамгершілік, бірлік тақырыбындағы уағыз-насихатын айтты. Артынша, жамағат болып айт намазын оқыды.

Бұдан соң жиналғандар аруақтардың рухына Құран бағыштап, соңын батамен қайырды.

Азамат Сәрсенов – “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы:

– Бұл күні мұсылмандар бірін-бірін ораза айт мерекесімен құттықтап, кемі 7 үйге кіріп шығуы керек. Араздасқан адамдар татуласып,бірінен-бірі кешірім сұрау қажет.

Намазды өткеріп болған соң, мешітке келушілер дастарханнан дәм татты. Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады. Адам баласын жаман әдеттерден аулақ болуға шақырып, жан-тәнінің тазалығын қорғауы үгіттейді.

– Оразаны аман-есен өткердім. Жеңілдік көп болды. Ауа райы да өзіміз де жақсы болдым.

– “Өткен рамазан айында тарауық намазына қатысып, Алла тағаладан тілек тіледім. Осы 30 күннің ішінде Құранды хатым еттім”.

– Халқымызға бірлік, патшамызға тиыштық болсын. Көк туымыз биіктен желбіреп, жастарымыздың дәрежесі өсе берсін!

Қасиетті айда шын ықыласымен ораза ұстаған, жетім-жесірлерге пітір садақа бергендерге мол сауап беріледі екен. Өткен 30 күнде жастар жергілікті имамдардан білім алып, үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқандарын айтады.

Ясин Мәди:

– Биыл жастардың көбі ораза ұстады. Бауырларым адаспай дәстүрлі діннің жолында жүрсе деген тілегім бар.

Олжас Оразбай:

– Сіздерді Ораза айт мерекесімен құттықтаймын. Аман болыңыздар. Еліміз тыныш болсын!

Ораза айт – отбасылық мереке. Динара Әлке мешітке ұлы Әләмір мен қызы Амираны етіп келген. Балғындар жазғы демалыста ата-әжесіне Астанадан қонаққа келіпті.

Амира Сағыныш:


– Асың, асың, асыңа. Береке берсін басыңа. Уайым-қайғы жоқ болсын. Дастархан мол болсын. Ораза айт қабыл болсын!

Берік Қасен