МТРА жаңалықтары

Биыл Астанаға 18 жыл

Жамбыл Артықбаев -Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Астана қаласы:


– Дәл сол кездері қазіргі Астана қаласының іргетасы көтеріле бастады. Ол мына Кенесары мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысқан жерінен бастау алған. Ақмола округі өзенге жақын, қазіргі «Конгресс холлдың» орнында болған. Құрылысы 1831 жылы басталды. Кейін қала өсті. Біраз жерді алды. Әсіресе мынау оң жағалауды.

1862 жылы Ақмолаға қала мәртебесі беріліп, осы жерде өткізілетін жәрмеңкелердің арқасында бұл шаһар кеңінен танымал болады. Қазақстанның барлық аймағынан, Ресей мен Орта Азиядан келген саудагерлер осында жиналған. Тың жерлерді игеруге байланысты қала Целиноград болып ауыстырылды да, аграрлық аймақтың әкімшілік орталығы атағына ие болды. Осылайша қаланың атауы 20-шы ғасырдың 92-ші жылына дейін еш өзгеріссіз сақталған.
Ал 1998 жылғы 6 мамырға дейін Ақмола деп аталған Астана, Президенттің Жарлығымен 1997 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының елордасы деп жарияланды. Ал 1998 жылдың 10-шы маусымында Еліміздің астанасының халықаралық ашылу салтанаты өтті.

Жамбыл Артықбаев -Л.Гумилев атындағы ЕҰУ тарих ғылымдарының докторы, профессор, Астана қаласы:

– Бұл – стратегиялық жағынан өте маңызды орын. Қазақстанның географиялық орталығы. Сауда қарым-қатынастарына өте ыңғайлы. Өйткені, оңтүстік пен солтүстік, батыс пен шығыстың арасы осы жерде қосылады. Қазақ этносының ұлт есебінде қалыптасуына да өте ыңғайлы. Себебі, біз Астана арқылы Қытаймен де, Еуропамен де байланысып жатырмыз.

Еуразия жүрегінде орналасқан еліміздің бас қаласы – Астана биыл 18 жасқа толып отыр. Бұл уақыт аралығында елордамыз әлемге танылған шаһарлардың қатарына енді.

Жандарбек Мәлібеков – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Астана қаласы:


–  Бұл қала климаты мен орналасқан жерімен ерекше. Астана жас болса да өзінің даму кезеңдерін өсіріп жатыр. Көгалдандыру жұмыстарын Елбасының өзі қолға алып, жүргізіп жатыр. Мұндай шара басқа мемлекеттерде мүлдем жоқ. Астана орманымен, жан-жануарымен де ерекше.

Астананың сәулетінде әрқилы қолтаңба айшығы – таңғы гүл қауызы секілді ұлттық этномодерн, класицизм, футуризм, метоболизм қатар көзге ұрады. Батыстың хай-тек, шығыстың фен-шуй стилі, қазақтың дәстүрлі киіз үй тектес этномодерн үлгісі жарасым тапқан. Дарынды сәулетші қолтаңбасының келешегін ойлайды. Ғасырдан ғасырға кететін ырғағы мен нақышын табуға тырысады. Үздіктері бәйгені жеңіп алады. Әйтпесе көп сызбаның бірі боп қалады дейді еліміздің еңбек сіңірген архитекторы Жандарбек Мәлібеков. Бүгінде оны өскелең ұрпақ Елтаңба авторы мен Қазастанның дамуына өз үлесін қосқан азаматтардың бірі деп таниды.

Жандарбек Мәлібеков – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Астана қаласы:

 

– Астана қаласына 2000-шы жылдан келгелі бері «Астана Опера» балет театрының, «Нұр-Астана» мешітінің, нейрохирургия ғимаратының конкурстарына, тұрғын-үй кешендерінің жобаларына қатыстым. Бұл жерлерде де үлкен еңбек жасадым. Бірақ, бастысы бүгінде ЕҰУ жастарға ұлттық архитектура бойынша дәріс оқимын.

Бүгінгі әсем Астанамыз еліміздің тек әкімшілік орталығы болумен шектелмейді. Сонымен қатар, бабаларымыз аңсаған азаттық пен ұлттық қайта түлеудің де орталығына айналды. Еліміздің шетелдермен жоғары деңгейдегі ресми кездесулері, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, спорт пен туризм саласындағы іс-шаралардың бәрі біздің елордамызда өтеді.

Айгерим Ержанова