Қоғам

Астана – мүмкіндіктер қаласы

Зәуреш Аяғанова:

-Астанадан осында көшіп келгелі бау-бақшамен айналысатын болдық. Картоп, сәбіз бен қызанақ егеміз. Ана жерде жидек өсіп жатыр. Оны немерелерім жақсы көреді. Мына жерде өзіміздің қызылша өсіп жатыр.

Бұл жерге Солтүстік Қазақстанның тумалары Қайрат пен Зәуреш Аяғановтар Жамбыл ауданының Қайранкөл ауылынан көшіп келген. Қос ұлдары Арман мен Нұрлан Астанада жүргендіктен ата-аналары балаларына алаңдап отырмай, қастарында болуды жөн санапты. Бүгінде олар елордадан 16 шақырым жерде, жаңадан бой көтерген 5 бөлмелі баспанада тұрады. Сонымен қатар, бұл әулет отбасылық жеке кәсіппен де айналысады. Алып шаһарда олардың бірнеше сауда нүктелері бар.

Зәуреш Аяғанова:

-Біз Астанаға Қайранкөлден көшіп келдік. Сол жерде 9 жыл тұрыппыз. Астана өзімізге ұнайды. Тез үйренісіп кеттік. Балаларымыз үй салайық, сонда тұрайық деді.

Қазір Қайрат аға мен Зәуреш апай бақытты ата мен әже. Өйткені ерлі-зайыптылар демалыстарының әр күнін немерелері Томирис пен Алиханның жанында өткізіп, тәтті қылықтарын бірге қызықтап отырады.

Тағы бір жерлесіміз Петр Шарапаев елордаға жуырда ғана келген. Биыл ол Парламент Мәжілісінің депутаты атанды. Қазір солтүстікқазақстандық кәсіпкер алып шаһардың қызған өміріне үйренісіп, жаңа қызметінің қыр-сырын меңгеруде. Жақында жерлесіміз әріптестерімен өзінің алғашқы отырысында, жер кодексі сынды бірнеше заң жобаларын қарастырып та үлгерген.

Петр Шарапаев – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Астанаға келгеніме үш ай болды. Аптаның әр демалысында Петропавлдағы үйіме, отбасыма барып тұрамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Қызықты. Жаңа таныстар мен көптеген тың ақпараттар алып жатырмын. Елордамыз өте сұлу әрі жас қала ғой. Қазір ол дамып келеді.

Петр Шарапаев отбасын елордаға екі жылдан соң көшіріп әкелуді жоспарлап отыр. Ал әзірге өзі үлкен мүмкіндік береген алып шаһар Астанаға бауыр баспақ.

 

Айгерим Ержанова