Көлік және жолдар

Жұмысшы кентінің тұрғындары жол азабын бірнеше жыл тартып келеді

Толассыз жауған жауыннан шұңқырлар суға толып, ойықтардағы су адамның тізесіне дейін жетеді. Осы маңдағы тұрғындар резеңке етікпен жүруге мәжбүр. Мұнда тіпті, автокөліктің қатынауы қиын. Олар көше бойында батып, жолдың келесі бетіне шыға алмауда.

61 жастағы Әбутәліп Сердалин осы көшенің 64 -ші үйінде 11 жылдан бері тұрады. Қарияның айтуынша, жолдың нашар болуына байланысты бұл көшеге жедел жәрдем мен такси көліктері мүлде келмейді екен. Ал, жаздың жауған жаңбыры мен көктемнің еріген қар суының салдарынан осы ауданның тұрғындары балаларын бала-бақша мен мектепке апара алмай қиналады.

Әбутәліп Сердалин – Клара Цеткин көшесінің 64 “А” үйінің тұрғыны:

– Үкімет басшыларына, әкімдіктерге, қарақтарым мына жолға көздерінді салындаршы. Біз секілділер, жалғыз біз емес. Қаншама халық тұрамыз, қаншама бейнет көреміз.Сіздерден сұрайтынымыз, осы жолды адам секілді түзетіп беріңіздер.

Мән жайды білмек болып Петропавл қалалық әкімдігіне хабарласқан болатынбыз. Олар биыл жұмысшы кентіндегі 15 көшенің жөнделетінін айтты. Жобаға Клара Цеткин көшесі де енгізілген дейді.

Серік Канапинов – «Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары» ММ сектор меңгерушісі:


–  Қазіргі уақытта жұмысшы кентіндегі белгіленген көшелерді тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты шаруалар тоқтап қалды. Ал, Клара Цеткин көшесіне келетін болсақ, мұндағы жол 2-3 аптаның ішінде қалыпқа келтіріледі.

Жоспарға сәйкес қаламыздың көшелеріндегі шұңқырларды жамап, тегістеу шаралары қыркүйектің 15-не дейін аяқталмақ. Ағымдағы жылы бұл бағытқа қала бюджетінен 200 млн теңге бөлінген.

Тоғжан Ақмағамбетова