МТРА жаңалықтары

Жылыту маусымына дайындық барысына депутаттар да атсалыспақ

Анатолий Мишин – қала әкімінің кеңесшісі:

-Біз қазір жылыту маусымына даярлық бойынша кестеден сәл кешігіп жатырмыз. Жоспар бойынша маусым айында 80 үйде құбырлар жуылып-шайылу керек еді. Алайда оның 60-ы ғана орындалды. Шілде айында 300 үйді, тамыз айында 500 көпқабатты баспананы қысқа әзірлеп үлгеруге тиістіміз. Сондықтан бұл жұмыстарды атқаратын ұйымдарды азаматтар өздері жалдай алады.

Тағы бір мәселе – подъездер мен жер төлелердің тесіктері бекітіліп, қажеттінше жылытылмаған. Осының салдарынан жылудың біразы далаға кетіп жатыр – дейді мамандар. Бұл проблеманы бастапқыда шешіп алмай жылу есептегіш аспаптарын орнатудың өзі бос әурешілік екен.

Тамара Пашкова – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының орынбасары:

 

-Биыл қаладағы көпқабатты үйлерге 300 жылу есептегіш құрылғысын орнатпақшымыз. Бір аспаптың құны 700 бен 850 мың теңгенің маңайында. Тұрғындар соманы 4 жылға бөліп төлей алады. Тұтынушылар бұл жақсы мүмкіндікті осы бастан пайдаланып қалған дұрыс. Себебі келесі жылдан бастап дифферендиалдық тариф бойынша жылу есептегіш құрылғысын орнатпағандар пәтердің шаршы метріне 122 теңге төлейді.

Бүгінде жылыту есептегіш аспабын орнатуға тұрғындар келісімін беруде, алайда ПИК-інің төрағалары бұл істі барынша тежеп тұр. Монополистер осындай жағдайда қауқарсыздық танытып, осы мәселенің түйінін тарқатуда депутаттардан көмек сұрады. Халық қалаулылары болса, өздері бекітілген аумақта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ПИК төрағаларын жылу есептегіш құрылғысын орнатуға көндіреміз деді.

Берік Қасен