МТРА жаңалықтары

Жыл соңына дейін өңірдегі елді мекендердің 56,6 пайызы таза ауыз сумен қамтылмақ

Бұрынығысынша облыс орталығынан алыс орналасқан ауылдарға құбырлар тартылмады. Бұл мәселені біртіндеп шешу үшін биыл қазыналардан 4,3 млрд теңге қарастырылпты. Осылайша, жыл соңына дейін ауылдардың 56,6 пайызын орталықтандырылған жүйге қосу көзделуде.

Тасмұрат Кадкадамов – СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Биыл Тайынша қаласындағы су тарату желілірінің құрылысын аяқтаймыз. Сондай-ақ, бұл жұмыстар М.Жұмабаев ауданына қарасты Бостамар, Конюхово, Майбалық елдімекендерінде атқарылып жатыр. Және Уәлиханов ауданындағы Қаратерек, Жасқайрат ауылдарында сумен қамту бойынша 2 жоба жүзеге асырылмақшы. Оған қаражат жергілікті қазынадан алынады.

Қанат Асқаров – “Қазсушар” РМК “Есіл су” филиалының директоры:

– Топтық су құбырларының 2 920 шақырымы 70-ші жылдары салынған. Оның 1 949 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Сіз бұл іске араласқаннан кейін өңірдегі дебиторлық қарыз 51 млн теңгеден 27 млн теңгеге дейін төмендеді. Қазіргі таңда Мамлютка қаласы мен Новоишимка селосында берешек көп.

Аймақ басшысы аудандардағы тозығы жеткен және пайдаланусыз жатқан су тарату желілеріне қалыпқа келтіру керек деді. Бұл жұмысқа аудан әкімдері жауапты.

Жыл басынан бері кәмелет жасына толмаған 47 қыз жүкті болып қалған. 15-і жасанды түсік жасатыпты. Мәселені алдын алу жұмыстарымен бүгінде білім, денсаулық басқармалары мен жергілікті полиция қызметі айналысып жатыр. Ведомство өкілдері осы бағытта атқарылып жатқан шаруадан ақпарат берді.

Күлпаш Қалғожина – СҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Кәмелет жасына толмағандармен өңірімізде 438 психолог, 416 әлеуметтік педагог жұмыс жасайды. Мектептерде өзін-өзі тану пәнінде гигиеналық тәрбие сағаттары қарастырылған. Балаларға орынсыз жүктілік, жыныстық жолмен берілетін аурулар туралы түсінду жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Рашида Иванова – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Жыл басынан бері 47 қыз жүкті болып қалған. Олардың жасы 15 пен 18 аралығында. Көбі аудандарда тұрады. 5 айдың ішінде 15 қыз жасанды түсік жасатты. Үлкендер балаларын қараусыз қалдырады, тиісті дәрежеде тәрбие бермейді.

Қанат Айтбаев – СҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы:


– Балалар түнгі уақытта ойын-сауық орталықтарында, далада жүреді. Жыл басынан бері осындай 1026 құқықбұзушылық аныталып, баласын қараусыз жіберген ата-аналар жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, биыл 21 жасқа толмағандарға
алкоголдік ішімдіктер сату фактілері азаймай тұр.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, биыл кәмелет жасына толмағандарды зорлау бойынша 51 факті тіркелген. Көп жасөспірім туған-туысқандары мен таныстарынынң тарапынан жәбір көріпті. Осы тұста аймақ басшысы Ерік Сұлтанов ІІД мен білім басқармасының өкілдеріне тығыз жұмыс жасау керектігін айтты. Бұл жерде жеткіншектермен жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігін жоғарылату өзекті деді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Кәмелет жасына толмағандарға жыныстық тәрбие беру шаралары мектептер мен колледждерде күшейту қажет. Сол бойынша кейін маған есеп бересіңдер. Бұл жұмыстарға аудандағы білім бөлімдері мен аудан әкімдері де тартылу керек. Оқушылармен жұмыс жасайтын педагог, психолог және медициналық қызметкерлердің біліктілігі арттыру жөнінде анализ жасап тұрыңыздар.

Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша, тиісті ведомство басшыларына бірлесіп 2 айдың ішінде жоспар құру керек.

Берік Қасен