Құқық қорғау органдары

СҚО-да жол қозғалысы жас инспекторлар байқауы өтті

Әр капитан өз командасын жеңіске қарай жетелегісі келеді.

Ұмсынай Қошқарбай, «Жас ұлан» командасының капитаны, Қызылжар ауданы:

– Біз бұл жерге жеңіс үшін келдік. Капитан болып, табымды бастаудан қорыққан жоқпын.

Саптық дайындық, жол ережелерін жатқа айту, велосипед арқылы кедергіден өту. Байқау осы сынды 10 кезеңнен тұрады. Тайынша ауданынан келген Сабина Хасен болашақта дәрігер болғысы келеді. Ол «Жас санитар» кезеңіне қатысып медицина қызметкерлері қойған сұраққа жауап беруде. Осылайша бойжеткен командасының қоржынына бірнеше ұпай қосады.

Сабина Хасен, «Жас ұлан» командасының мүшесі, Тайынша ауданы:

– Менен дәріханашықтың ішінде не болу керек деп сұрады. Онда мақта, бинт, жгут, йод сынды қажеттіліктердің болуы шарт.

Келесі залда оқушылар саптағы дайындықтарын көрсетуде.

Темирязев ауданының «Бағдаршам» құрамасын Досжан Сапарғали бастап келеді. Облыстық байқауға жіті дайындалған топ мүшелеріне қазылар тарапынан бірнеше ескертулер келіп түсті. Айту керек, биыл жол қозғалысы жас инспекторлар байқауы 25-ші мәрте өтуде.

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

 

– Жыл басынан өңірде балалардың қатысуымен 8 жол-көлік оқиғасы орын алды. Оның алдын-алу үшін осындай шаралар керек-ақ.

Сайыс соңында әр кезең бойынша жеңіске жеткендерге бағалы сыйлықтар табысталады. Басты жүлде – тамыз айында Алматы облысында өтетін республикалық кезеңге жолдама.

Акбопе Танирберген