МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасы арқылы 46 адам жұмысқа орналасқан

Мамандығы есепші. Екі қолға бір күрек іздеген нәзік жанды “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” мемлекеттік бағдарламасына жүгініп, сәтті еңбек етіп келеді.

Наталья Демидова – СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының есепшісі:

– Менің жұмыстағы міндетіме – бастапқы құжаттамаларды өңдеу, веб-порталда мемлекеттік сатылым және қазынашылықпен айналысу кіреді. Мұндай бағдарламалардың тәжірибесі аз жас мамандар үшін көмегі мол. Өйткені, олар мемлекеттің қолдауының арқасында жұмысқа орналаса алады.

Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көргендердің тағы бірі Давид Гончаров. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасына ол осыдан 4 жыл бұрын келіпті. Маманның негізгі міндеті архитектуралық құрылыстарға материалдар әзірлеу. Осы күнге дейін Давид көптеген нысандардың эскизін дайындапты. Тіпті “Береке” шағын ауданының жобасын әзірлеуге ат салысқан.

Давид Гончаров – СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының сәулеттік безендіру инспекторы:

– Мына жерде мен сәулеттік безендіру инспекторы қызметінде жұмыс істеймін. Өзім өңіріміздегі аудандарда біраз жоспарлы істердің және қаламыздағы құрылыстардың жүзеге асуына үлес қостым. Соңғы жұмысым шаһардағы “Жастар үйі”. Мен онда ғимараттың маңайын көркейту жобасын іске асырдым.

Айта кеткен жөн, биыл қаламызда “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” мемлекеттік бағдарламасы арқылы 60 адам тәжірбиеден өткен. Оның 46 ресми түрде қызметке орналасыпты.