Білім

Елімізде талапкерлердің жоғарғы оқу орындарына құжат тапсыру науқаны жалғасуда

Олар осында таңғы 9-дан келіп болашақ мамандықтарын таңдауда. Кешегі мектеппен қош айтысқан түлектерінің арасында Ұлжан Мұқановада бар. Бойжеткен оқушының үздігін анықтап, осалын сүріндірген ұлттық біріңғай тестілеуде 98 ұпай жинапты. Енді оның арманы қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болу.

Ұлжан Мұқанова – талапкер:

– ҰБТ аман-есен тапсырып, ойдағыдай ұпай жинадым. Енді жаңа ғана құжаттарымды тапсырдым. Болашақта грант иегері болсам деймін.

Қазір мұндағы қабылдау комиссиясының жұмысы қауырт. Мамандар ұзын сонар кезекке тұрған түлектерге кеңес беріп, өтініштерін қабылдауда. Биыл еліміздің ЖОО шығармашылық мамандық бойынша білім алуға ниет еткен талапкерлер құжаттарын маусымның 20-сы мен 1 шілде аралығында тапсырулары шарт. Ал, биыл педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түсемін деушілерге қойылатын талап өзгеріпті. Олар биылдан бастап, арнайы сынақтан өтуі тиіс. Емтихан шілденің 11-14 аралығына жоспарланған.

Татьяна Жукова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы міндетін атқарушы:

– Әзірге техникалық және педагогикалық мамандықтарға түсеміз деушілердің саны басым. Сондай-ақ, түлектер биыл да әдеттегідей 4 оқу орнын таңдауға құқысы бар. Әзірге мемлекеттен қанша грант бөлінгендігі белгісіз. Ал, кешенді тестілеуге қатысамын деушілердің өтініштері маусымның 20-сы мен 9-шілде аралығында жүргізіледі.

Тегін білім алуға оқу ордасын таңдау үшін талапкер тиісті құжаттарды маусымның 23-інен шілденің 31-не дейін тапсыра алады. Ал, мемлекеттік грантқа қол жеткізгендердің есімі тамыз айының 10-ны белгілі болмақ. Жалпы биыл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ талапкерлерді 46 мамандық бойынша қабылдайды.

Байболат Құлтанов