МТРА жаңалықтары

СҚО 12 мыңға жуық татар-башқұрт ұлттарының өкілдері тұрады

Зухра Атажанова – “Дуслык” СҚО татар-башқұрт қоғамдық орталығы төрағасының орынбасары:

-Сабантой мерекесінде біз ұлттық киімдерімізді киіп алаңға шығамыз. Үйде дәмді-тәттілерін пісіріп, көрші-қолаңға ауыз тигіземіз. Бұл атаулы күні ер жігіттер ұлттық күрес, гір көтеру сынды сайыстарда күш сынасады. Ал, өнегелі қыздарымыз болса ән-жардан шашу шашып жиналғандардың көңілін көтереді. Жалпы, бұл мейрам халықты достыққа, бірлікке шақырады.

Қаламызда 1989 жылы облыстық “Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық орталығы құрылған. Содан бастап Сабантой мерекесі теріскей өңірінде дәстүрлі түрде тойланып келеді.

Сайдаш Гайсин – “Дуслык” СҚО татар-башқұрт қоғамдық орталығының көркемдік жетекшісі:

-Біздің орталық құрылған жылы Сабантой мейрамын тойлау керек болды. Сосын мен өзім өнерлі қыз-жігіттерді жиып қаланың орталық алаңында тамаша мереке өткіздім. Талантты жастар тарихи қойылымдар қойып тойдың сәнін келтіргені әлі есімде. Міне, бұл салт-дәстүрімізді сақтағанымыздың белгісі. Болашақта ұлттық құндылықтарымызды жоймаймыз.

Татар-башқұрт халықтары салтқа берік. Олар талай ғасыр бабадан мұра болып қалған дәстүрді өзгерпей сақтап, ұрпаққа мирас етеді.

Татар-башқұрт халықтарының біздің өңірмен байланысы сонау ХVIII ғасырдан басталған. Олар алғаш рет 1786 жылы қазірге Мамлют ауданы маңына қоныстаныпты. Бұл жайлы анық деректерді мына кітаптардан кездестіруге болады. Туындыларда Ресейден көшкен татарлардың теріскей өңірін паналағаны жазылған.

Раиса Бикмухаметова – СҚО құрметті азаматы:

-Біздің өңір өз жеріне талай ұлт өкілдерін сыйғызып отыр. Солардың қатарында татар-башқұрттарда бар. Біздің ата-бабаларымыз кезінде Қазан қаласынан христиан дінін қабылдамау үшін орыстардан осы жаққа қашып келген. Олар кейін теріскей жерінде тұрақтап қалып қойды. Ал, Ресейде қалғандар шоқынып кетті. Қазір біз бірлігі жарасқан елде өмір сүріп жатырмыз.

Татарлар 19-20-ыншы ғасырда Петропавлдағы бірнеше ғимараттардың құрлысын жүргізді. Олар қалада 7 мешіт, бірнеше мұражай және тұрғын үйлер салған. Қазір біздің өңірде 12 мыңға жуық татар-башқұрт өкілдері айрандай ұйып өмір сүруде.

 

 

Култанов Байболат