МТРА жаңалықтары

“Қызылжар су” ЖШС су және кәріз құбырларын жаңартуда

-Мәселен, қазір аталған серіктестіктің бірінші көтерілімнің сорғы станциясында 4,5 шақырымға созылған құбырларды алмастыру жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін мемлекеттік бағдарлама аясында 839 млн теңге бөлінген.

Бұл жердегі құбырлар “Қызылжар су” серіктестігі ғимараты маңында орналасқан су тазарту құрылғыларына дейін жалғасады. Міне, дәл осы жерден шаһар тұрғындарына тіршілік көзі жеткізіледі. Бұл мақсатта мұнда 3 үлкен құбыр жұмыс істеуде. Соның бірі осыдан 48 жыл бұрын салынған, диаметрі 800 мм болатын алып құбыр. Қазір оның тозығы әбден жеткен. Су тарату үрдісін бұзбау үшін жергілікті мамандар ескірген құбырды жаңасына алмастыру үстінде.
Ал мына жерде Ойқаладан бастау алған кәріз желілерін жаңартуда. Мұнда 3 техника жарамсыз құбырларды қазып алып тастап жатыр. Бұл жұмыстар Мамлютка қаласына шығатын көпірге дейін жалғаспақ. Оның ұзындығы 4 шақырымнан сәл ғана асады. Бүгінде жоспардың 36%-ы орындалыпты.

Арман Сауытов – «Қызылжар су» ЖШС техникалық директоры:

-Қазір біз оңтүстік коллектрді жаңасына алмастырып жатырмыз. Ол кәріздік сорғы станциясына дейін жалғасуда. Құбырдың диаметрі 900мм. Бұл жобаға 849 млн теңге қарастырылған. Бұл жердегі құбыр 100% жарамсыз деп танылған. Өйткені ол 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұрды.

Ауқымды бағдарламаны орындау үшін “Қызылжар су” серіктестігіне биыл мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 3,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа сала мамандары 6 ірі жобаны іске асырмақ. Оның 4-уі кәрізжелілерін, ал қалған 2-уі сужелілерін жаңартуға бағытталған.

Сонымен қатар, қазір қаладағы Парковый және Ыбырай Алтынсарин көшелерінде орналасқан су таратқыш жаңартылып жатыр. Мұндағы құбырлар орнатылып болды. Енді оларды бір-біріне қосу ғана қалыпты. Айта кеткен жөн, бұл жердегі жұмыстарды іске асыру үшін «Қызылжар су» серіктестігі өз қаражаты есебінен 300 млн теңге бөлген.

-Бұрындары мамандар құбырларды жалғау үшін 3 күндерін жұмсайтын. Ал қазір мына германиялық құрылғының көмегімен бұл жұмыс небәрі 15 минутта іске аспақ.

Жалпы, ағымдағы жылы облыс орталығында 5,5 шақырым сужелісін жаңарту жоспарланып отыр. Бүгінде аталған жұмыстың 41%-ы орындалған.

Радик Сабитов – «Қызылжар су» ЖШС сужелілері шебері:

-Биыл біз Конституция көшесінде полипроэпиленді құбырлар орнаттық. Енді оларды бір-біріне қосып жатырмыз. Ол үшін арнайы дәнекерлеу құрылғысы сатып алынды. Біз аспапты құдыққа түсіреміз. Ал ол бізге штрихкод арқылы керекті ақпараттарды беріп отырады.

Бұл жұмыстар жылыту маусымына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

 

Айгерим Ержанова