Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл өңірде мемлекеттік аттестациядан өткен 129 білім беру мекемелерінің 53%-ы тескерістен сүрінді

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Біздің өңір республика бойынша аттестациялауда төменгі көрсеткішке қол жеткізді. Тексерістен өткен 129 білім беру мекемесінің 53 пайызы сүрінді. Бүгінгі жиында біз білім саласындағы олқылықтарды қарастырамыз. Жаз айларында қайта аттестациялауға дайындық жүргізіліп, мектептер 100 пайыз тексерістен сүрінбей өтуі керек.

Өңір мектептерінде жүргізілген мемлекеттік аттестацияның нәтижесі бойынша облыста орташа баға “3”-тен төмен. Тексерістен мүдірмей өткендердің көрсеткіші Петропавл қаласы мен Есіл ауданында жоғары. Алғашқысында 78,5 пайыз болса, келесісінде 75 пайыз. Ал көш соңында Тимирязев ауданы. Бұнда аттестациялаудан өткен 3 мектептің барлығыда сүрінген.

Ерлан Әбілдинов – СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің директоры:

-Биыл мемлекеттік аттестациялаудан 16 мектепке дейінгі білім беру мекемесі, 106 мектеп пен 7 техникалық және кәсіби білім беру мекемелері өтті. Оның нәтижесі бойынша 60 мекеме тексерістен сүрінген жоқ. Сондай-ақ, бұл науқан кезінде 2 колледж, 18 мектеп пен 2 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты бұзылғандығы анықталды.

Жиын барысында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова аттестациялаудан өңір мектептерінің былай сүрінуінің себебін түсіндірді. Оның айтуынша тексеріс кезіндегі шектік балл тым жоғары.

Шолпан Каринова – облыстық білім басқармасының басшысы:

-Мемлекеттік аттестациядау кезінде қойылатын “3” бағасы бүгінде мектептегімен сәйкес келмейді. Бұл ретте, қазір баға қандай білім деңгейі үшін қойылатынын анықтайтын нормалық құқықтық құжат жоқ. Мәселен, ҰБТ-ы кезінде “3” алу үшін 25 сұрақтың төртеуіне дұрыс жауап беру қажет. Бұл берілген тапсырманың 20 пайызы. Ал аттестациялау кезінде берілген тапсырманың 50 пайызына дұрыс жауап беріп қана, үш бағасын алуға болады.

Сондай-ақ, отырыста мектеп директорлары да қазіргі таңда білім сапасын жоғарылатуды тежейтін себептерді айтып, өзгерістер енгізу қажеттігін тілге тиек етті.

Наталья Мальцева – “Дарын” мектеп-лицейінің директоры:

-Мәселен, 9-шы сыныпқа арналған геометрия пәнін алатын болсақ мемлекеттік стандарт бойынша қазір 68 сағат, 171 тақырып, тексеруге берілетін жұмыстар 28, жаттығулар саны 1260. Бұл ретте сағаттар саны мен тақырыптардыкі сәйкес болса екен деймін. Өйткені бұлай жұмыс істеу өте қиын.

Күлімкөз Смаилова – әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:

-Біз мектепте тек қазақстандық кітаптармен оқытамыз. Ал орыс тіліндегі мектептер өзге авторлардың оқулықтарын пайдаланады. Онда бағдарлама терең түрде көрсетілген. Біз де соларды пайдаланайық десек стандартты бұзамыз.

Ал облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қазіргі таңда өңірдегі білім саласын жақсарту мақсатында қолға алынған шараларға тоқталып өтті. Бүгінде мектептер бір-бірімен тәжірибе алмасып, білім беру сапасын жақсарту үстінде.

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

-Мемлекеттік аттестациялаудан сүрінген мектептер олқылықтарды жоюда арнайы бағадарлама әзірлеу қажет. Қазіргі таңда өңірде білім сапасын арттыру мақсатында мектептер арасында тәжірибе алмасу жүріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, Назарбаев зияткерлік мектебіне әр ауданнан үш білім беру мекемесі бекітілген. Осылайша білім беру сапасы өзге де мектептерде артпақ.

Жиын соңында өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов ведомство басшылары мен білім саласындағы проблемаларды жою мақсатында бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова, облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова мен аудан әкімдеріне шілденің 7-не дейін білім сапасын жақсартуға бағытталған арнайы жоспар құруды міндеттеймін.

Айта кету қажет, мемлекеттік аттестациялаудан кейін оқушылардың білімін тексеруге пайдаланатын тест кітапшалары мектептерге берілмей жойылады екен. Бұл ретте білім ордаларында қатемен жұмыс жүргізілмейді.

 

 

Риат Шони