МТРА жаңалықтары

Жылыту маусымында артылған қаражат үйлерінде жылу есептегіш аспабы жоқ үй тұрғындарына қайтарылады

Ол үшін жылуға арналған тариф пен “көше” температурасы қолданылады. Өткен қыс жылы болғандықтан, жылу шығыны болжамды шығыннан едәуір аз болды, – дейді монополияға қарсы ведомстводағылар. Сондықтан 2014-2015 жылғы жылыту маусымында артылған ақша тұтынушыларға қайтарылады. Айта кетейік, тұтынушылар өз тұрғын үйі алаңының жалпы көлемін шаршы метр үшін төленетін жылу құнына көбейту арқылы өз бетінше есептей алады.

Арман Өтегенов – Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Жылу көзімен қамтамасыз етуші облыстағы кәсіпорындар жерлестерімізге 46 миллион теңге берешек болып қалған. Соның ішінде петропавлдық монополист компаниялар тұтынушыларға 36 миллион теңгені қайтаруы тиіс. Қалған 10 миллион теңге облыс аудандарындағы әлеуметтік мекемелер мен шағын баспаналарға тиесілі. Тұтынушыларға артық төленген қаражат көлемі таяу уақытта түбіртектерде көрсетіледі.

Тұтастай алғанда, артылған қаражат үйлерінде жылуды есептеу аспаптары жоқ тұтынушыларға ғана қайтарылады. Осы күні тұрғындар пайдаланған жылу көзінің 1 шаршы метріне 95 теңгеден төлеп келді. Келер жылдан тұтынушылар сараланған тарифке көшіп, жаңа жүйе негізінде ақы төлемек. Әзірге облыс орталығында 1 мыңнан астам көпқабатты баспананың тек 35 пайызы ғана өз баспаналарына жылу есептегіш құрылғысын орнатыпты.

Арман Өтегенов – Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Келер жылдан сараланған тариф енгізілсе, баспаналарында жылу есептеуіш қондырғылары жоқ пәтер иелері жылудың 1 шаршы метріне 123 теңгеден төлеуге міндетті. Ал құрылғыны орнатып алған тұтынушылар бұдан әлдақайда аз төлемек. Қазіргі күні Петропавлдағы тұрғын үйлердің 60 пайызында құрылғы орнатылмаған.

Үстіміздегі жылы Департамент мамандары өңірде бәсекелестікті қорғау заңнамасын елемеген 2 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға қатысты тергеуді аяқтапты. Енді тұрмыстық қалдықтарды заңсыз шығарып келген қос мекеме 560 мың теңге айыппұл өтемек.

Арман Өтегенов – Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Өңір аумағында баспаналарды жылумен қамтушы “Тайынша” және “Жігер” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары жылдар бойы Заңсыз қоқыс шығарып келген. Олар үй аулаларынан қатты қалдықтарды шығаруды кәсіп етіп, қосымша қаржы тапқан. Тексеріс кезінде қос мекеме жетекшілері мұндай Заң талаптарының барын білмейтін болып шықты.

Бүгінде ведомства өкілдері облыс төңірегінде дәрілік препараттарды заңсыз сатқан 3 серіктестікке қатысты тергеу шараларын жүргізуді қолға алды.

 

Бакыт Садуакасов