Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі Ерік Сұлтанов мемлекеттік қызметшілерді марапаттады

Үстіміздегі жылдан бастап кәсіби мемлекеттік аппаратты жетілдіруге басымдық берілуде. Бұдан былай мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін қызметкерлер білімдерін шыңдап, мансап қуа алады. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов жас мамандар осы мүмкіндіктерді толық пайдалануы тиіс деді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Бүгінде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жүзеге асырылуда. Меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер беріліп отыр. Осыны жастар барынша пайдалануы керек.

Кәсіби мерекеде ел алғысына бөленіп, елеулі қызмет атқарып жүрген азаматтарды облыс әкімі Ерік Сұлтанов Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады. Араларында қаржы, заң, ветеринария тағы да басқа саладан хабары мол жан-жақты тұлғалар бар.

Бибінұр Тиыштықбаева – Айыртау ауданы әкімі аппараты құрылымдық бөлімшенің бас маманы. Нәзік жанды халыққа қызмет көрсететін мамандардың жұмысын бақылайды екен.

Бибінұр Тиыштықбаева – Айыртау ауданы әкімі аппараты құрылымдық бөлімшенің бас маманы:

– Әр бөлімшені, селолық округ әкімдерінің жұмыстарын бақылау менің міндетіме кіреді. Бүгін облыс әкімінің құрмет грамотасына ие болғаныма қуныштымын. Әріптестерімнің жұмысына табыс, отбасыларына бақыт тілеймін.

Салтанатты жиында жас мамандар заңға бағынып, елге қалтқысыз еңбек етеміз деп ант берді. Оларға қызметтік куәлік пен ҚР Конституциясы табысталды.

Ал тәжірибесі толысқандары білгенімізді жастарға үйретіп, кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бар күш-жігерімізді саламыз деді.

Қизат Мұхамедияров – Уәлиханов ауданы Қайрат ауылдық округы әкімі аппаратының бас маманы:

– Жұмыстан қорықпау керек. Жастар талпынып, қиындықтан қашпаса бәріне қол жеткізуге болады.

Бұл күні бірқатар азамат мемлекеттік қызмет істері министрлігінің СҚО бойынша департаменті басшысының алғыс хатына ие болды. Жиынның соңы концертке ұласты.

Берік Қасен