МТРА жаңалықтары

Қыркүйектің 1-нен бастан өңір жолдары кедендік одақтың техникалық регламентіне сай салынуы керек

Ол 106 нормативтік құжатқа негізделіп жасалған. Стандартта Ресей мен Белорусия елдерінде бар ережелер енгізіліпті. Былтырдан бастап жол құрылысын жобалаушы ұйымдар мен мердігер компаниялар сол стандарт бойынша жұмыс істеуі керек болатын. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Тіпті осы іске жауапты органдар мен компаниялар кедендік одақтың техникалық регламентімен таныспапты. Және олар былтыр жол құрылысында техникалық стандарттағы кей нормаларды ескермеген. Мұны техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы -Вадим Маршаков айтты.

Вадим Маршаков – Техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы:


– Автомобиль жолдарының қауіпсіздігі” туралы кедендік одақтың стандартында жолдың құрылысына қажетті материалдар, жол белгілері, тіпті жолдың бойында орналасқан құдықтардың қақпағы неше сантиметрге шығып тұру керектігі жайлы айтылған. Ал біздің жолдарда құдықты көтеріп жіберген немесе төмен түсіріп тастаған. Бұл әлбетте көліктердің қозғалысына кедергі.

Оған қоса жолдың жиектері нашар салынған. Әр жерде шұңқырлар көп. Кейде жол сызықтары мен белгілері қараңғыда көрінбейді. Осының салдарынан жол апаты орын алуы мүмкін. Осы жылдан бастап жобалаушылар мен құрылысшылар стандарттағы нормаларды сақтауы тиіс дейді мамандар. Отырыста қалалық әкімдік пен жол құрылысының сапасын қадағалайтын ұйым өкілдері осы мәселе төңірегінде өз пікірлерін айтты. Жиында жол қауіпсіздік ережесін қамтамасыз ету, апат болуы мүмкін учаскелерді анықтау, олқылықтарды Кедендік одақ регламенттерінің нормаларына сәйкестендіру тұрғысында сөз қозғалды.

Мұхтар Манкеев – облыс әкімінің орынбасары:

– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты орында. Қазір тиісті басқарма басшылары жол салушыларға кедендік одақтың техникалық регламентін дұрыс түсінідіру керек.

Өңірлік штабтың отырысында республикалық маңыздағы және елді-мекендердегі жолдардың жағдайы айтылды.

Берік Қасен